БАСТАМАЛАРҒА ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ

224

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын Шымкент қаласының тұрғындары зор ынта-ықласпен тыңдап, онда айтылған бастамаларға қолдау көрсетіп жатыр. Қала әкімдігінің мәжіліс залында жергілікті мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес пен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, зиялы қауым және БАҚ өкілдері бас қосып, Президент Жолдауын тікелей эфирден тамашалады.

Жолдау аяқталған соң жиылған көпшілік алған әсерлерімен бөлісіп, өзара пікір алмасты. Мәселен, Қазақстанның сот саласына еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев сот саласында жүзеге асатын реформалар Жаңа Қазақстан мен әділетті қоғам орнатудың ең маңызды алғы шарты екенін айтты.

–Президент Жолдауда ендігі жерде сот төрағаларының жоғарыдан тағайындалмайтынын, оны судьялар өз ішінен сайлап алатынын айтты. Тап осындай ұсынысты біз талай жылдан бері айтып келе жатқан едік. Өйткені, судьяның жұмысына араласып, оның дербестігіне нұқсан келтіретін, тіпті, судьяға қысым жасайтын бірден-бір тұлға – сот төрағасы. Яғни, судьяны сыртқы қысымнан бұрын, ең әуелі, сот жүйесінің өз ішіндегі қысымнан қорғау керек. Енді төрағаны судьялардың өздері сайласа, бұл – соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам болмақ, – дейді Б.Тұрғараев.

Профессордың айтуынша, Жолдаудағы судьялардың жауапкершілігін арттыру, әрбір бұзылған сот үкімінің мұқият тексерілуі жөніндегі бастамалар да өте орынды. Мұның бәрі азаматтардың сот жүйесіне деген, сол арқылы барлық мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға жол ашады.
Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметовтің айтуынша, Жолдаудағы ең маңызды мәселенің бірі – саяси жүйені одан әрі жаңғырту жөніндегі бастамалар.

–Қасым-Жомарт Кемелұлы мерзімінен бұрын Президент және Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын өткізу жөніндегі бастамасы арқылы өзінің саяси жаңғыруды кезең-кезеңімен жүзеге асыру идеясына адал екенін көрсетті. Мұны биылғы конституциялық реформалардың заңды жалғасы ретінде қарауға болады. Өйткені, Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар биліктің барлық тармақтарын қамтып, мемлекеттік басқару институттарына қатысты заңнаманы түбегейлі өзгертті. Енді осы ережелерді іс жүзінде қолданысқа енгізу үшін сайлау өткізу орынды шешім, – дейді Ш.Мырзахметов.

Қоғам қайраткерінің ойынша, өз өкілеттілік мерзімін қысқарта отырып, мерзімінен бұрын сайлау өткізуге бастамашы болуы және әр азаматтың Президенттікке бір рет 7 жыл мерзімге сайлануы жөніндегі бастамалары – Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттің мүддесі мен ұлт болашағын өзінің жеке мүддесінен жоғары қоя білетін нағыз саяси қайраткер екенін паш етеді.

«Шымкент келбеті»