МҰРАТ ӘЙТЕНОВ: «ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫН ЖҮРГІЗЕТІН КОМПАНИЯЛАР ҚАЛАҒА ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ЕНГІЗУ ҚАЖЕТ»

310

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының былтырғы жылы атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары бойынша есебін тыңдады. Өткен жылы 158 нысанда 287,8 шақырым жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне тапсырылды. Нәтижесінде қазір қаладағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 67,4% пайызға жетті. Бұл көрсеткішті биыл 71,2% пайызға жеткізу жоспары тұр.

Қала басшысы жауаптыларға ең алдымен пайдалануға берілетін жолдардың сапасын қатаң қадағалауды тапсырды.
«Жол құрылысында қоғамдық пікірді ескеру маңызды. Құрылысқа жұмылдырылған мердігер мекемелердің жұмысын, жауапкершілігін қатаң қадағалауға алыңыздар. Жол құрылысын жүргізетін компаниялар заманауи техникалар мен тың технологияларды пайдалану арқылы сапаны жақсартуы қажет» — деді қала әкімі.
Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы басқарма басшысының міндетін атқарушы Мұхтар Қоқанбаевқа мегаполис жолдарын жақсарту бойынша нақты ұсыныстарды әзірлеуге екі апта мерзім берді. Қаладағы жолдар мен көпірлердің жағдайы бойынша арнайы талдау жасап, туындаған мәселелерді жүйелі түрде шешу қажеттігін де ескертті.
Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қаланың орталық көшелеріне ұзақ жылдарға шыдас беретін пластикалық жол белгілер орнатуды тапсырды. Сондай-ақ, жол белгілерін сапалы орнатуды, әсіресе түнгі мезгілде жарық сигналдарының іске қосылуын қадағалау қажеттігін де ескертті.
Қоғамдық көліктерді жыл сайын жаңарту мәселесі де қала әкімінің тікелей назарында. Бүгінгі таңда қалада 75 маршрут айкындалған. Халыққа күн сайын 1 мың автобус қызмет көрсетеді.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерге енгізілген «Төлем» электрондық билеттендіру жүйесі жол ақысын төлеу қызметін едәуір жеңілдетті. Қазіргі таңда, сатылған көлік карталарының саны 310 мыңнан асты.