ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫЛАРДЫҢ 77 ПАЙЫЗДАН АСТАМЫ ҚОСЫМША БІЛІММЕН ҚАМТЫЛҒАН

750

Елімізде оқушыларға қосымша білім беру стратегиясы Үкіметтің «Білімді ұлт – сапалы білім беру» ұлттық жобасын бекіту туралы» қаулысымен жүзеге асырылуда. Осыған орай Шымкент қалалық білім басқармасында тиісті жұмыс жоспар бойынша атқарылып келеді. Үшінші мегаполистегі білім беру мекемелерде оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында мектептен тыс 10 мекемеде 19 012 оқушы түрлі академиялық сабақтарға қатысады.
Шәкірттер домбыра, қобыз, қылқобыз, фортепиано, баян, аккордеон, гитара, саксафон, труба, флейта, жетігенде ойнауды үйренеді, хореография, хор, вокал, актерлік шеберлік, дәстүрлі ән, вокал, робот техникасы, күй, айтыс, тіл, театр, шахмат, авиамодельдеу, сурет, тоқыма, киім дизайны, тоғызқұмалақ, асық, би секілді үйірмелерге қатысады. Оқушыларға 542 педагог білім беруде.
Сонымен қоса қаладағы 12 аула клубындағы 61 үйірмеге 2 294 оқушы қатысады. Ал жан басына қаржыландыру есебінен 35 мың бала спорт, мәдениет және тілдерді дамыту және білім басқармалары арқылы түрлі үйірмелерге қамтылуда. Жалпы, қалалық білім беру басқармасы өкілдерінің мәліметінше, Шымкенттегі 247 667 оқушының 77,2 пайызы, яғни, 191 199 шәкірт қосымша біліммен қамтылған.
Шымкенттік оқушылар, сонымен қоса, түрлі пән олимпиадалары мен спорт сайыстарында чемпион атанып, жүлдеге ілінуде.