«КОМИССИЯ ЖҰМЫСЫН КҮЗДЕ ҚОРЫТЫНДЫЛАЙДЫ»

175

Шымкент қаласында еліміз бойынша жалғыз саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі жұмыс істейді. Мәдениет мекемесі өткен жылы жаңғыртудан өтті. Қазір музейдің іші де, сырты да жаңа кейіпке енген. Шаһарда саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия қарқынды жұмыс жүргізуде. Біз жаңғыртудан өткен музейдің қазіргі жай-күйі және өңірлік комиссия жұмысымен танысу үшін мекеме директорының орынбасары Гүлмира СЕРІКБАЕВАМЕН сұқбаттасқан едік.

 

Гүлмира СЕРІКБАЕВА, ҚР Мәдениет қайраткері, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары.

– Гүлмира Алдоңғарқызы, алдымен музейдің қазіргі тыныс-тіршілігімен таныстырып өтсеңіз. Жаңғырту жұмыстары қашан аяқталды?

–Бізде күрделі жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталды. Жылдың басында демонтаж жұмыстары жүргізіліп, құрылыс желтоқсан айына дейін созылды. Биыл жыл басында жаңғырту жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Жалпы айтқанда, музейдің экспозициясы, негізгі идеясы өзгерген жоқ. ҚР суретшілер одағының төрағасы болған Аманжол Найманбаевтың авторлық туындысы, яғни саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихи тұлғалардың портреттер галереясы өзгеріссіз қалды. Тек қана стендтер ауыстырылды. Ал сырты, аумағы абаттандырылып, көгалдандыру жұмыстарына басымдылық берілді. Су жиналатын қазандығы бар автоматтандырылған суару жүйесі іске қосылды. Сонымен қатар, жаңа жиһаздар әкелінді. Иә, модернизация жұмыстары жоспарға сәйкес іске асырылды.

Алдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай дайындық жұмыстарымыз қарқынды. Бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. 29 мамыр күні Опера және балет театрында «Ғасыр үні» деген қойылымды көпшілік назарына ұсынбақпыз. Оны қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрымен бірлесе қолға алдық. Оған шаһардағы қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ұрпақтарын шақырдық.

Осы мекемеде 8 жылдан бері жұмыс істеймін. Музейге шығармашылық, ғылыми жағынан басшылық етемін. Мемлекет және қоғам қайраткерлері, қарапайым халықтың арасынан саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтарымен тығыз байланыста жұмыс атқарып жатырмыз. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні және одан басқа уақыттарда да республика деңгейінде жұмысымыз жалғасып жатыр. Музейдегі 16 480 іс-құжат папкасы әлі де толықтырылуда.

 Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығына сәйкес құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Шымкент өңірлік комиссияның қазіргі жұмыс барысынан хабардар етсеңіз.

– Өңірлік комиссияда он бағыт болса, соның біріне өзім жетекшілік етемін. Менің жетекшілігімдегі бағыт – дәстүрлі дін өкілдерінің ақталу мәселесі. Нәтижелі жұмыстарымыз бар. Кеңестік қуғын-сүргін кезеңіндегі дін өкілдері, солар туралы ақиқат әлі де толық айтылған жоқ. Бұл – өте күрделі, тереңдете зерттеуді қажет ететін тақырып. Өткен жылы 8 мыңнан астам құжат зерделенді.

Негізінен, репрессия дін қызметкерлерінен басталған. Сонау 1925 жылдары. Ол кездегі адамдар тек ишан-молдалардың сөзіне құлақ түрді. Ишандар Қазан, Ташкентегі оқу орындарын аяқтаған ілімді, әулиелікке жеткен адамдар ғой. Ол кездерде ишандар өңірді басқарып отырған. Олардың ақыл-парасаты елдің бірлігін сақтау болған. Ұрпақтың болашағына көзінің қарашығындай қараған. Мәселен, Оңтүстік өңірдегі қуғын-сүргінге ұшыраған ең үлкен әулет – Аппақ Ишан әулеті (Мақсұм Сейдахметов әулеті). Олардың әулетінде 30-ға жуық адам қуғынға ұшырапты. Мұны зерттеуімнің барысында бір-бірлеп санап шықтым. Қазіргі деректерге қарап отырсақ, негізінен, сол кезде дін өкілдерін өлтіру, көзін жою тапсырмасы НКВД-дан берілген. Ол жасырын түрде жүзеге асырылды. Біздің өңірімізде де көп дін қызметкерлері қуғынға ұшырады. Қуғын-сүргін құпия жүргізілгеннен кейін ол кісілердің ақталғандары өте аз. Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша саяси қуғынға ұшыраған 100-ден астам дін өкілі анықталып отыр. Таза ишан-молдалармен қатар, олардың арасында шіркеу қызметкерлері де бар.

Менің жетекшілігімдегі топта екі зерттеуші бар. Негізінен, жергілікті ғалымдардың мүмкіндігін пайдаланып отырмыз. Біз жұмысымызды осы жылдың күзінде қорытындыласақ дейміз. Қазір соған дайындық басталып кетті. Зерделеген құжаттардың бәрін Үкіметке жолдаймыз. Жалпы дін өкілдерін ақтау жұмысы өте қарқынды жүріп жатыр. Ай сайын есеп береміз. Президент әкімшілігінде комиссияның республикалық орталығы жұмыс істейді. Таяуда республика бойынша еңбектерді қамтыған 33 том кітап жарыққа шықты. Онда Шымкент қаласына тиесілі, 10 бағыт бойынша жұмысшы топтардың зерттеу материалдары жинағы да енгізілген. Ендігі ретте «Халық жады» деген кітап шығарылмақ. Бұл іске кіріскенімізге де 1 ай болды. Мен өз салам бойынша қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтарымен сұхбаттасып, оны бейнетаспаға түсіру, дайындау жұмыстарына қызу кірісіп кеттім. Бұл кітапты шығарудың мақсаты – халықтың жадындағы естеліктерді сөйлету. Қуғын сүргін құрбандарының ұрпақтары әлі де бар. Ұлы, қызы болмаған жағдайда немерелері арқылы сұқбаттасамыз. Ендігі кезекте бұл материалдар да жаңа кітапқа енбек.

 

 Шымкент қаласында қуғын-сүргінге ұшыраған тағы қандай ишандар әулеті бар?

– Жақында мынадай бір дерекке кез болдық. Қазіргі Қ.Сыпатаев атындағы №7 орта мектептің директоры қызметін атқарған Тәңірберген Отарбаев деген кісі болған. Бұл – алғашында Ахмет мектебі деп аталған екен. Бұл мектептің алғашқы ұйымдастырушысы, ағартушысы болған Мұса Мылтықбаев деген атамыз да кейіннен репрессияның құрбаны болып, атылған азамат. Ол кісі Т.Отарбаевтан бір жас үлкен әрі туған нағашысы болған. Тәңірберген Отарбаев – негізінен, дін жағынан белгілі адам. Батыр Бауыржан Момышұлының ұстазы, ең қадірлейтін құрметті адамы болған екен. Оның Кенжеқожа дейтін үлкен ілімді ұстазы бопты. Қатынкөпір маңында мешіт-медресе салдырған. Ол кісінің шәкірттерінің бәрі дерлік қуғын-сүргіне ұшырапты. Осы деректің ізіне енді түсіп жатырмыз. Оны Тәңірберген Отарбаевтың қызынан білдік. Ұлжан Тәңірбергенова апа осы әңгіменің басын шығарды. Тәңірберген Отарбаевтың өзі білімді, сауатты осы кісіден алған. Жалпы дін өкілдеріне қатысты мәлімет жинауда тікелей ұрпақтарының, ауыл тұрғындарының көмегі тиіп отыр. Ал, артында іздеушісі қалмағандар туралы мағлұматтар тым аз екен.

Биыл күзде осы жұмысымыз аяқталады деген болжамымыз бар. Дегенмен, жұмыс әрі қарай жалғасын табуы да мүмкін. Ол уақыттың еншісіндегі шаруа. Алда осы комиссияның зерттеу материалдары бойынша үлкен ғылыми конференциялар ұйымдастыру жоспарда бар.

 Қуғын-сүргінге ұшырағандардың нақты саны қанша?

– Жалпы қуғын-сүргіне ұшыраған адамдардың саны – 7277. Солардың ішінен атылғандардың нақты тізімін жасадық. Атылғандар – 2450 адам. Олардың аты-жөні толық белгілі. Бұл мәліметтерді де қайта қарап, зерделедік. Он бағыт бойынша топтардың жұмысы аяқталғаннан кейін, тағы да қорытынды жасалады.

–Әңгімеңізге рақмет!