ШЫМКЕНТТЕ ҚАЛА АУМАҒЫН КӨГАЛДАНДЫРУ МЕН АБАТТАНДЫРУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

178

Шымкент қаласы Абай ауданында биыл 70 мың – бір жылдық, 3,5 мың – көпжылдық гүл және 250 мың түп қызғалдақ егіледі. Сонымен қатар аудан аумағын көгалдандыра түсу үшін 400 түп қарағай, 60 түп қырым қарағайын және 4 мың өзге де ағаш көшеттерін егу жоспарланып отыр. Мұнан бөлек демеушілердің есебінен 20 мың түп көшет отырғызылмақ.

Мұнан өзге Абай ауданында көпқабатты үйлердің аулаларын және тұрғын алаптарды абаттандыру жұмыстары да қарқынды түрде жүргізіліп келе жатыр. Атап айтқанда, «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы 2022 жылы 5 үйдің ауласы абаттандырылып, 27 елді меенге спорт және балалардың ойын алаңшалары салынған. Биыл да осы жоба арқылы 15 балалар алаңшасы мен 3 спорт алаңының құрылысы жүргізіледі.

Айта кетейік, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары Шымкент қаласының барлық аудандарында жалғасып жатыр. Мәселен, биыл Қаратау ауданы аумағында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 34 ауланы абаттандыру жұмыстары атқарылмақ. Ал, Еңбекші ауданында 2022 жылы көп қабатты 75үйдің ауласы абаттандырылып, жеке секторда балаларға арналған кешенді ойын алаңшаларының 11-і орнатылған. Аудан тұрғындарының ұсынысына сәйкес, 2023 жылы 20 ауланы абаттандыру және балалар ойын алаңшасын орнату жоспарланып отыр.

Жаңадан құралған Тұран шағын ауданында да көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Атап айтқанда, биыл аудан аумағында 2 929 түп түрлі ағаштардың ағаш көшеті мен 73 түп қарағай көшеті отырғызылмақ. Сонымен қатар 4 618 түп раушан мен 1 458 аласа раушан гүлдері егілмек.