М.ӘЙТЕНОВ: «НЫСАНДАРДЫ ӨНДІРІСТІК КЕСТЕГЕ САЙ ТАПСЫРУ ҮШІН ЖҰМЫС ҚАРҚЫНЫН КҮШЕЙТУ ҚАЖЕТ»

218

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар нысандарда болып,  жол  құрылысын қадағалады. Алдымен Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында салынып жатқан жолайрық құрылысының барысын тексерді. Жобаға сәйкес жолайрық үш деңгейлі. Төменгі деңгейде Арғынбеков көшесі, жоғарғы деңгейде Бәйдібек би даңғылы, ортаңғы деңгейде оң жақ бұрылыстар мен сақиналы жол орналасатын болады. Нысанды жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарлануда.

«Қалада көлік кептелісін азайту үшін Арғынбеков көшесі мен Бәйдібек би даңғылының оң жақ өткелдерін 10 мамырға дейін кезең-кезеңімен көлік қоғалысына ашуды ұйымдастырыңыздар. Нысанды өндірістік кестеге сай тапсыру үшін жұмыс қарқынын арттыру қажет» — деді қала әкімі.

Қазір А-2 автомобиль жолында құрылыстың екінші кезеңі жүруде. Қала басшысы Ынтымақ шағын ауданына баратын жол қиылысынан Темірлан тас жолына дейінгі аралықты құрайтын аумақтың құрылысымен танысты. Ені 30 метр, 4 жолақты жолдың екі жағында ирригациялық жүйе мен жасыл аймақ, тратуар, жарық шамдар орнату қарастырылған. Қазір сақина типті жолайрық құрылысы жүргізілуде. Нысанды биыл тамызда аяқтау жоспарлануда.

А-2 айналма тас жолының 4 кезеңі Темірлан тас жолынан Бадам өзеніндегі көпірге дейінгі аралықты қамтиды.  Осыған дейін қайта құру жұмыстарының жартысынан астамы орындалды.

Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптылармен бірге Қонаев даңғылының екінші кезеңіндегі құрылыс жұмыстарын да тексерді.  Қошқар ата өзенінен Терешков көшесіне дейінгі аралықты қамтитын нысанда қазіргі таңда жолдың тірек қабырғасы мен инженерлік желілерді ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, қала басшысы Қонаев даңғылының жалғасын салу бойынша бесінші кезеңінің жұмыс барысымен де танысты. Қазір мұнда жұмысшылар  жол негізін әзірлеп, тас төсеу, суағарларды орнату жұмыстарын атқаруда.

Нысандарда жүргізіліп жатқан жұмыстарды пысықтаған қала әкімі жауаптыларға құрылыс сапасын қатаң бақылап, барлық нысандарды уақытында қолданысқа беруді тапсырды.