ҰЛТТЫҚ КИІМ – ҰЛТ БЕЙНЕСІ
«Адам көркі – шүберек». Кез келген жанның бойына әсемдік сыйлап, талғамын айшықтайтын бұйым – үстіне киген киімі. Ата¬-бабаларымыз ұлттық киімдерімізді зор талғаммен, сәнді әрі қонымды етіп үйлестіре білген. Киім-кешек — тек шүберек қана емес, сол ұлттың мәдениетінен, қоғамдық өмірінен сыр шертетін ажырамас бөлігі.
Қазақтың ұлттық киімі мен әшекей-бұйымдарының түрі өте көп. Сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық киімдер әлі де өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Қазақтың көне ұлттық киімдеріндегі ою-өрнекті сақтай отырып, қазіргі уақытқа ыңғайланған сан-алуан киімдер мен әшекейлерді гардеробымыздан кездестіруге болады.
Киім-кешектер әрбір маңызды оқиға мен жағдайларға байланысты бөлінген. Мәселен, ер азаматтар жауға аттанғанда киген сауыттары соғысуға ыңғайлы, әрі қауіп-қатерден сақтануға қолайлы болған. Ал, әйелдердің негізгі киімдері – кимешек, көйлек, жаулық, сәукеле, желек, тақия, камзол, кебіс-мәсі. Әшекейлер де төрт топқа бөлінген. Олар — жас қыздарға, келіншектерге, орта жастағы әйелдерге, сонымен бірге бәйбішелерге арналған бұйымдар. Расында да, әлемдегі небір озық өнер туындыларын сарапқа салсақ, қазақ өнері алдыңғы қатардан көрінері даусыз. Халқымыздың бүкіл ішкі жан дүниесі, философиялық көзқарасы, айтар ойы, барлық жерде ою-өрнектермен сипатталған.
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы он жылдықта ұлттық киімдер тек той-думан мен Наурыз мерекесінде ғана киіле бастады. Осыған дейін тақияны көбінде ер кісілердің бас киімі ретінде қабылдадық. Кәжекей мен бешпентті де теледидардан ғана көріп жүрдік. Дегенмен, қазіргі таңда кәжекей мен бешпентті апаларымыз күнделікті киіп жүргенін жиі байқаймыз. Сол секілді үкілі және зергерлік бұйымдармен әрленген ашық түсті тақиялар бойжеткендеріміздің көркіне көрік қосып, жастар арасында трендке айналды. М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің 1- курс студенті Балауса Абубакир ұлттық киім адамның бойына рухани сенімділік ұялатады деп санайды.
–Тақия – қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық бас киімі. Заман өзгерсе де, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпы, ұлттық киімі бүгінге дейін қолданыстан түскен емес. Қазіргі жас буын тақия мен кәжекейді талғамына сай сәйкестендіріп киіп жатыр. Мұны жастардың жаңа стилі деп айтуға да болады. Өзіме тақия киген ұнайды. Өйткені, тақия кез келген киімге көрік қосады. Шалбар, кең етекті көйлек немесе белдемшемен жақсы үйлеседі. Мұндай ұлттық киімдер ұлтқа деген сүйіспеншілікті арттырып, адамға сенімділік сыйлайды,- дейді Балауса Нұрланқызы.
Ұлттық киімдеріміздің тарихы мен бүгінгі таңдағы рөлі жайлы білмекке М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандиданты, ҚР Дизайнерлер Одағының мүшесі Дәулетхан Болысбаевпен тілдескен болатынбыз.
–Ұлттық киім – түркі халықтары үшін маңызды орынға ие. Орта Азияны мекен еткен әр халықтың өзіндік киім кию үрдісі бар. Басындағы тақиясынан аяғындағы мәсісіне дейін ерекшеленіп тұрады. Қазақтың ұлттық киімі жайлы көптеген ғалымдар өз зерттеуін жасаған. Өзбекәлі Жәнібековтың «Ұлттық киімнің табиғаты» деген мақаласында құнды деректер айтылған болатын. Онда көбіне ерлердің жас ерекшеліктеріне қарай киген киімі мен шапанның түрлерін талдап шыққан. Оңтүстіктің тумасы Ғани Иляевтың да бұл бағытта қалдырған қолтаңбасы ерекше. Осындай қоғам қайраткерлері тек сол дәуірдегі қоғамды ағартумен ғана танылмаған. Олардың ұлттық құндылығымызды дәріптеудегі еңбегі де ерен, — дейді Д.Болысбаев.
Сондай-ақ, ғалым қыз-келіншектердің қос етек көйлектерін қазіргі заманға икемдеп, күнделікті киюге бейімдеуге болатынын айтты.
–Университімізде «Өнер» факультетінің «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының студенттері ұлттық киімдерді заманауи үлгіге үйлестіру бойынша жұмыс істеп жатыр. Өзім осы оқу ордасының студент қыздарының тақия мен әшекейлерді үйлестіріп кигенін көремін. Қазіргі таңдағы ізденісімнің негізгі мақсаты да осы – ұлттық нақыштағы киімдерді заманға сай икемдеу. Мәселен, қазақтың шапанын костюм ретінде жұмысқа киюге болады. Ал, қыз-келіншектердің қос етек көйлегін бүгінгі сәнмен үйлестірсек, күнделікті жұмысқа да, той-домалаққа да киетін әсем киімге айналар еді, — дейді маман.
Белгілі зерттеуші Зейнолла Сәніктің еңбектерінде әрбір өрнектің астарында құпия белгі жатқаны айтылады. Мәселен, айбалта – күш-қайраттың, торсық – тоқтықтың, әртүрлі аң – таулы өңірдің, ағынды су – егісті аймақтың, қарға тұяқ – қыстың, мал – жайлаудың, жарқанат, жұлдыз арадағы құпия белгілерді білдірген.
Дәулетхан Болысбаев бүгінгі таңда текеметке салынатын оюларды тақия мен шапанға тігіліп жатқаны жайында пікірін білдірді.
–Бүгінгі тігіншілік қабілеті бар қыз-келіншектер қазақтың ою-өрнегін шатастырып, оңды-солды қолдануда. Текеметке басылатын оюды шапанға, қалыңдықтың сәукелесіне, одан қалса тақияға да салады. Бұл жәй ғана қателік емес, ұлттық болмысымызды ұмытуды білдіреді. Сондықтан, дәстүр мен салтымызды үйрету – мектептен басталуы тиіс. Бұрын «бейнелеу өнері» деген пән болатын. Ол қысқарды. Мұнан кейін «визуалды өнер, графика және жобалау» деп өзгерді. Осы пәнді ұлттық өнер, салт-дәстүрмен байланыстыратын болсақ, қазіргідей шатасу мәселесінен арылар едік, — дейді ғалым.
Бүгінде халықтың ұлттық киімге деген сұранысын зерттеу үшін қаладағы «Авто-нұр» базарына барып, сатушылармен тілдестік. Өзін Алмагүл деп таныстырған сатушы ұлттық киім сәнге айналғанын айтты.
–Бүгінде ұлттық киімдер ерекше дәріптеліп жүр. Бұрын саудамыз тек Наурыз мерекесінде ғана қызатын. Қазір жасы да, жасамысы да шапан мен камзолды жарыса киеді. Көбіне шапандарды танымал кісілерге ізет ретінде иығына жауып жатады. Бұл да болса, ұлттық киімге деген құрмет деп білемін. Базарда шапанның бағасы 3,5 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін барады. Сапасына қарай бағасы да түрлі-түрлі. Мен Алматы мен Ақтау қаласында тігілген ұлттық киімдерді, яғни отандық өнімдерді саудалаймын, — дейді саудагер.
Хакім Абайдың «киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы анықталады» деген сөзі бар. Сондықтан, еліміздің жастары сәнді және әдемі киінсе, олардың өмір сүру сапасы да жақсарып, ұлттық құндылығымыз да ұлықтала бермек.
Фариза АХМЕТ,
М.Әуезов атындағы ОҚУ «Журналистика» кафедрасының 4-курс студенті