«КІТАП. ОЙ. ШАБЫТ»

85

Түркістан қаласындағы «Қолөнершілер қалашығы» кешенінде «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы ұжымының ұйымдастыруымен «Кітап. Ой. Шабыт» атты әдеби-мәдени кеш өтті.

 

Іс-шара барысында кітап оқу мәдениетін дәріптеу мен оқырмандардың шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында бірнеше алаң жұмыс істеді. Мысалы, «Кітапханашы оқиды» алаңында Отырар, Сауран аудандары мен Түркістан және Кентау қалаларынан келген кітапханашылар қазақ прозасының көрнекті өкілі Төлен Әбдіктің «Қонақтар» повесі мен әлем әдебиетіндегі танымал қаламгер Халед Хоссейнидің «Жарқыраған мың күн» романын талқылап, шығармалардың идеялық мазмұны, кейіпкерлер әлемі және екі туындыда көтерілген өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

Ал, «Саз өнерінің сырлы әлемі» алаңында «Атамұра» қыш-құмыра жасау үйірмесінің шеберлері келушілерге шеберлік сағатын өткізіп, қатысушылар саз балшықтан құмыра жасап, ұлттық қолөнердің қыр-сырына қанықты.

«Балалықтың ғажайып әлемі» атты балалар алаңында бүлдіршіндер Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесін талқылап, шығарма желісі бойынша сурет салу сайысына қатысты.

«Кітап. Кофе. Поэзия» алаңы еркін форматтағы әдеби мәжіліске айналды.

Әдеби кешке Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Бекбол Аманжол арнайы қатысып, кітапхана қызметкерлері әзірлеген кітап көрмесімен танысты және іс-шараның өту барысын тамашалады.