ЖҰМЫСТАР БЕКІТІЛГЕН КЕСТЕГЕ СӘЙКЕС АТҚАРЫЛУДА

80

Түркістанда тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда. «Жасыл Түркістан» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері балалардың ойын және спорт алаңшаларын күтіп-баптау, жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстарын, сондай-ақ көше бойындағы ағаштарды санитарлық қырқу, қураған ағаштарды тазалау және газондарды ору жұмыстарын талапқа сай атқаруда.

Қала аумағында барлығы 211 ойын және спорт алаңшалары бар. Түркістан қаласы әкімінің қаулысымен осы алаңшалардың 127-сін күтіп-ұстау және қалпына келтіру жұмыстары «Жасыл Түркістан» КММ-ге бекітілген. Сонымен қатар, мекеме қарауына кірмейтін 91 ойын алаңшасында да тұрғындардың өтініштері негізінде жөндеу және ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды арнайы құрылған 3 мобильді топ атқарады. Барлық алаңшаны бір мезетте толық жөндеу мүмкін болмағандықтан, жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Қазіргі таңда Абақ батыр мен Жібек жолы көшелерінің қиылысында орналасқан ойын алаңшасында жөндеу, қалпына келтіру және аумақты арамшөптерден тазарту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, ойын алаңшалары бойынша тұрғындардан күн сайын келіп түсетін өтінімдерге сәйкес барлық секторларда қажетті жұмыстар ұйымдастырылып, балалардың қауіпсіздігі мен алаңшалардың жарамды күйде болуы басты назарда ұсталады.

Сонымен қатар, қала көлемінде ағаштарды санитарлық қырқу, қураған бұтақтарды жинау және газондарды ору жұмыстары барлық аумақта тұрақты жүргізілуде.