ШЫМКЕНТ: ҰЛТТЫҚ СПОРТҚА ҚЫЗЫҒАТЫНДАР КӨБЕЙГЕН

398

Шымкентте ұлттық спорт түрімен шұғылданатын азаматтар саны артып, 20 742 адамға жеткен. 2022 жылдың статистикалық қорытындысына сәйкес, шымкенттіктердің 42 пайызы, яғни 498 852 адам дене тәрбиесімен айналысып, спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Ұлттық спорт түрлерімен шұғылданатын азаматтар оның 4.1 пайызын құрап отыр. Бұл туралы Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы хабарлап отыр.

Мегаполисте ұлттық спорт түрлерін насихаттап, дамыту мақсатында  Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубы жұмыс істеп келеді.

«Кешенді спорт клубында қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, аударыcпақ, жекпе-жек, жамбы ату, конкур, көкпар, теңге ілу, бәйге бойынша 10 бөлім жұмыс істеп тұр. Бүгінде ұлттық спорттың 10 түрінен 107 оқу тобы жасақталып, онда 1082 спортшы жаттығып жүр. Ал, жас спортшыларды өз саласының білгір 54 оқытушы-жаттықтырушысы баптап жүр», — дейді мамандар.

Айта кетейік, ұлттық спорт түрінен ҚР Еңбек сіңірген 2 жаттықтырушы еңбек етіп келеді. Сонымен қатар, ҚР жасөспірімдер, жастар, ересектер құрама командасының тізімінде 1 ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, 4 Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 8 ҚР спорт шебері, 111 Спорт шеберіне үміткер және І спорттық дәрежедегі 57 спортшы бар.

Ұлттық ойын. Бұл жауынгерлік жат­­тығудың алғашқы бастауыш сабақтары сияқты дүние. Қазіргі таңда қоғамдық өмір­ге жалпыласқан ұлттық ойын түр­­­леріне асық ату мен тоғыз­құ­малақты жатқызуға болады. Өйткені бұл екі түрден респуб­ликалық деңгейде жарыс­тар ұйымдастырылады және ше­берлік атақтары беріледі.

Асық атуды алайық. Мұның өңірлік немесе өлкелік ойын түр­лері көп. Мысалы, оған «Хан­талапай», «Хан ату», «Құлжа ату», «Құмар», «Қақпақыл», «Қар­­­жу» немесе «Қаржымақ», «Төрт асық», «Бес тас», «Иір­ме­кіл», «Омпа», «Бәйге», «Бес табан» т.б. жата­ды. Бұл ойындар­ды негізінен жасөспірім балалар ойнайды. Яғни болашақ ел қор­ғайтын жауынгер жас кезінде асық ату арқылы мергендігін шыңдайды, дәлдігін жетілдіреді, ептілігін арттырады. Осылай жастай шыныққан бала ержеткенде епті жауынгерге айналады. Қысқасы біздің «Ұлттық спорт» деп жүргеніміздің тарихи-этнографиялық маңызы осы.