ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР ОРТАЛЫҒЫ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНА АЙНАЛДЫ

555

Шымкенттегі модульді жұқпалы аурулар орталығы қалалық клиникалық балалар ауруханасының құрамдас бөлігіне айналды. Енді мұнда дәрігерлер бронхопульмонология, ерте жастағы, полиативті, педиатрия қызметі бойынша балаларды қабылдап, медициналық көмек көрсетпек.

Инфекциялық орталық құрылысы Шымкент қаласы мен Түркістан облысының науқастарын қабылдау үшін 2020 жылғы маусымда ашылып, 2020-2021жылдары COVID-19 пандемиясы кезінде пайдалануға берілген болатын. 2022 жылдың наурыз айынан бастап орталыққа науқас қабылдау тоқтатылған.
— Жыл сайын күз, қыс мезгіліндегі эпидемиологиялық маусымда бронх-өкпе патологиясы бар балалардың түсімі 470 пациентке дейін артып, ауруханада төсек-орын тапшылығына әкеліп отыр. Бұл мәселені реттеу үшін балалар ауруханасы жанындағы госпитальды қайта жасақтадық. Орталықта балаларға сапалы медициналық көмек көрсету үшін қажетті жабдықтың барлығы бар, — дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Инна Глазебная.
Емдеу орталығы 200 төсек орынға жасақталған 8 блоктан тұрады. Мұнда реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің 20 төсегі, КТ аппараты, цифрлық рентген және басқа да медициналық жабдықтар, жедел жәрдем машиналары бар. Сондай-ақ, ғимараттың аумағында оттегі станциясы, автономды электр станциясы, лас қалдықтарды дезинфекциялауға арналған орындар да қарастырылған.
Бір жылдан аса науқас қабылдамаған орталыққа арнайы дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп, санитарлық талапқа сәйкес тазартылған. Мамандар орталықтың балаларға медициналық көмек көрсету үшін арнайы тексеруден өткенін және қауіпсіз екенін мәлімдеді.
— Балалар ауруханасына айналған орталықтың бөлімшелерінің қабырғаларынан, медициналық құрылғылардан сараптама үшін жұғынды алынып, тәуелсіз экспертиза мекемесіне жолданды. Сол мекеме ұсынған сараптама қорытындысынан кейін Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне ғимаратты тексеруден өткізуге өтініш білдірдік. Орталықтың барлық санитарлық нормаларға сәйкес келетіні жөнінде қорытынды шығып, нысанды пайдалануға рұқсат беріледі. Яғни, ғимарат барлық талаптарға сай. Ал, ата-аналар ешнәрседен қауіптенбеуіне болады, — дейді Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері Динара Жұмаділова.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, инфекциялық орталықта дезинфекциялау жұмыстары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің әдістемелік ұсынымдарына сәйкес, хлордың жоғары пайыздық қатынасы бар дезинфекциялау құралдарын пайдалана отырып жүргізілген. Бұған қоса, Түркістан облысының ұлттық санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы суды микробиологиялық зерттеу, метеорологиялық факторларды, жарықтандыруды, рентген сәулесін және желдету бойынша тексеріп, оң қорытынды шығарған.
Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасы — 18 жасқа дейінгі балаларға шұғыл және жоспарлы медициналық көмек түрлерін көрсететін жалғыз көпсалалы емдеу мекемесі. 2018 жылдан бастап ауруханада қаланың барлық педиатриялық қызметі орталықтандырылып, жаңа профильдер ашылды. Қала тұрғындарының 40 пайызын балалар құрауына және күн санап бала санының өсуіне байланысты бұған дейін 270 төсекке арналған ғимаратта 315 орынға бейімделген болатын.
Айта кетейік, осы айдың ішінде Инфекциялық орталық балалар ауруханасы ретінде қызмет көрсетуді бастайды. Қазір мұнда орталықтың ашылуына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

«Шымкент келбеті»