ӘР ТЕҢГЕ – МЕГАПОЛИС ИГІЛІГІНЕ
Кез келген кәсіпорын немесе мекеме жұмысында инвестиция артық етпейді. Әсіресе, алып қалалар мен мегаполистердің шаруашылығында қаржы тиімді бағытта, инфрақұрылымды жақсартуға бағытталса, пайдасы көп болмақ.
Шымкенттегі «Су ресурстары–Маркетинг» ЖШС жұмысында да осы принцип жүзеге асырылады. Мекеме басшылары ауыз су мен кәріз құбырын пайдалану тарифінің үштен бір бөлігіне жуығын су арнасын дамытуға, жаңартуға және қайта құруға жұмсалатынын айтады. Осы мақсатта қалада биыл ауыз суға қатысты жалпы 30, ал сарқынды суға қатысты 6 нысан пайдалануға берілмек. Олардың арасында жөнделіп, жаңартылатын да, меншікке сатып алынып, жаңадан соғылатындары да бар.
Жуырда жергілікті атқарушы орган қызметкерлері мен қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері Рысқұлбеков көшесінің бойындағы нысанда атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Мұнда диаметрі 110 мм тозған су құбыры 160 мм құбырға алмастырылуда. Жауапты мамандардың мәліметінше, бұл құбырмен Студенттер қалашығы және Спорт шағынаудандарындағы мыңға жуық жеке абонент пен әлеуметтік және басқа да нысандарға су жеткізіледі.
– Құбырды жаңарту жұмысы 2022 жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында атқарылуда. Дәл осы нысанның жалпы құны – 37 млн теңге. Мұндағы шойын су құбыры 1967 жылы тартылған екен. Уақыт өте келе әбден тозған, биылдың өзінде осы құбырдың бойында 7 апат болды. Сондықтан, тез арада желіні қайта құру қажеттілігі туындады. Жолды бүлдірмес үшін мамандарымыз көлденең бұрғылау әдісімен жұмыс істеуде. Жаңарту нәтижесінде сумен жабдықтау сапасы артады, апаттардың алдын алуға мүмкіндік туады, – дейді «Су ресурстары–Маркетинг» ЖШС бас директорының орынбасары Жанатбек Тұрдалиев.
Жауапты мамандардың айтуынша, қаладағы су құбырының толық желісі гео-ақпараттық жүйеге енгізілген. Соның көмегімен құбырлардың жай-күйіне сараптама жасалып, қай учаскедегі құбырды жаңарту немесе жөндеу қажеттілігі анықталады.
– Бұл жүйеде қай құбырдың қандай материалдан жасалғаны, қай жылы тартылғанына дейін мәлімет бар. Бір құбырдан қанша абонент су ішіп отырғанын да көре аламыз. Негізі, болат құбырлардың норматив бойынша қызмет көрсету мерзімі – 25 жыл. Яғни, 1967 жылы жүргізілген бұл құбырлардың жарамдылық уақыты әлдеқашан өтіп кеткен. Біз гео-ақпараттық жүйемен қоса құбырлардың тесіліп, судың бос кетуі мен орын алған апат санын да ескереміз. Ол үшін су құбырының басындағы негізгі есептегіш құрылғы мен жеке есептегіш құрылғылардағы көрсеткішті салыстырамыз. Одан кейін жобалық-сметалық құжат әзірленеді, – дейді «Су ресурстары–Маркетинг» ЖШС күрделі құрылыс бөлімінің басшысы Бұлан Тұрлыбеков.
Мекеменің инвестициялық бағдарламасы аясында биыл Ерімбетов көшесінің бойымен диаметрі 500 мм құбыр төселді, ішкі орам желісіндегі диаметрі 100-ден 150 мм дейінгі құбырларда да қайта құру жұмыстары жүруде. Бұған қоса Азат шағынауданындағы 300 миллиметрлік құбыр жаңасына алмастырылып, Бадам-Сайрам су жинау нысанында диаметрі 600 мм құбыр жаңартылады. Қазіргі таңда Төреқұлов және Сасбұқаев көшелерінде де 200 және 250 мм коллекторлар жаңалануда.
Су арнасы мекемесінің өкілдері осынша жұмыстарды жүргізетін мердігерлер мұқият таңдалады дейді. Тендерлік конкурсты ұтып алатын құрылыс компанияларының тәжірибесі мол болуы тиіс. Және атқарылған жұмысқа 10 жылға кепілдік беріліп, осы уақыт ішінде құбырдан олқылық табылса, мердігер компания өзі қалпына келтіреді.
«Су ресурстары–Маркетинг» ЖШС қолға алған ауқымды нысанның бірі – Бөржар су жинағышы. Мұнда 1976 жылдан бері алғаш рет су жинағыштың түбі механикалық жолмен тазалануда. Нәтижесінде миллион текше метрге жуық шөгінді қалдық алынбақ.
– Бөржар су жинағышына қаладағы тазарту құрылғыларынан шыққан су келеді. Әрі қарай техникалық дақылдарды суаруға жұмсалады. Жинағыштың көлемі – 25,8 миллион текшеметр. 2011 жылы су тазарту құрылғылары жаңартылғанға дейін мұнда биологиялық тазартудан өтпеген су жиналатын. Соның салдарынан қойманың түбіне зиянды шөгінді жиналып қалды. Ал экологиялық талаптар бойынша жинағыштың түбін тазартып тұру керек. Тағы бір себеп – қойманың түбіне жиналған шөгіндінің салдарынан мұнда жиналатын су көлемі азайып кетті. Ал қаладан келетін шайынды судың көлемі, керісінше, жыл сайын көбейіп келеді. Келеңсіз жағдай болмас үшін де су жинағыштың түбін тазартуды қолға алдық, – дейді бас директордың орынбасары Жанатбек Тұрдалиев.
Бұл жобаның құны – 300 миллион теңге шамасында. Бұл қаржы да инвестициялық бағдарлама аясында бөлініп отыр. Табиғи монополияларды реттеу комитеті өкілдерінің айтуынша, осынау ауқымды жұмыстың барлығы инвестициялық бағдарлама шеңберінде, басқаша айтқанда, судың тарифі есебінен атқарылуда. Яғни, «Су ресурстары–Маркетинг» ЖШС-нің тарифінде инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыратын қаржы қаралған.
– Судың тарифінде қаралған амортизациялық қаржы көлемі 20-дан 35 пайызға дейін жетеді. Сондықтан, қарапайын тұтынушылар бұл қаржы қайда және қандай мақсатта жұмсалып жатқанынан хабардар болуға құқылы. Нысандардың жұмысымен танысып жатқандағы мақсатымыз да – осы. «Су ресурстары–Маркетинг» мекемесінің инвестициялық бағдарламасын бекіткенде басты назарда су құбырлары тұрады. Себебі, олардың көбісі кеңес одағы кезінде тартылған. Ол болат құбырлардың жарамдылық мерзімі біткен. Сондықтан, осындай инвестициялық бағдарламаның 95 пайызына жуығы су құбырларын алмастыруға бағытталады. Оған қоса су шығыны мен құрылғылардың тозу дәрежесін азайтуға қол жеткізу керек, – дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің бсшысы Дархан Қайыңбердиев.
Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, жақын аралықта судың тарифін көтеру қарастырылмайды. Керісінше, шығыстарды оңтайландыру мен несие қаржысын төмендету нәтижесінде тариф арзандауда.
– 2018 жылмен салыстырсақ, қазіргі тариф төмен. Сол жылы су мен кәріз жүйесінің тарифі 1 текше метрге 137 теңге болса, қазір – 135,5 теңге. Инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруға алынған заем қаржысының азаюына байланысты 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап тариф тағы арзандап, 122,2 теңгеге немесе 10 пайызға төмендейді деп күтілуде, – деп мәлімдеді Дархан Қайыңбердиев.
Айта кетейік, «Су ресурстары–Маркетинг» ЖШС-нің 2021-2026 жылдарға арналып бекітілген инвестициялық бағдарламаның құны 9,2 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде сумен жабдықтау жүйесінің құрылғылары мен нысандарын қайта құруға – 1 млрд, жалпы ұзындығы 78 шақырым су құбырларын алмастыруға 6 млрд теңге қаралған. Бұған қоса кәріз жүйелерін жаңартуға – 841,2 млн теңге, ал шайынды суды тазарту нысандарын жаңарту мен абаттандыруға 516,8 млн теңге жұмсалмақ.
Биылға 19 710 метр су құбырын жаңарту жоспарланып, бүгінгі таңда 7 317 метр құбыр алмастырылды.