ҰСТАЗЫҢ ҒОЙ СЕНІ ҚОСҚАН САНАТҚА

189

Оңтүстікке белгілі ғалым, профессор, Шымкент, Түркістан қалаларының, Сауран ауданының құрметті азаматы Сағынғали Әбубәкіров ағамыздың өмірден өткеніне де жыл толыпты. Қазақта «уақыт — емші» деп жатады. Десек те, бұл өмірде өзіндік орны бар жан еді. Өйткені, Сәкең – артына өшпестей із қалдырды. «Мәңгі өмір жоқ, мәнді өмір бар», — дейді дана халқымыз. Рас сөз. Ұрпақ өсіріп, шәкірт тәрбиелеп, көп іс тындырған азамат мәңгі есте қалары сөзсіз.

 

Мен Сәкеңді өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басынан білетін едім. Ол кез тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары, ел өмірінде аласапыран, қиын-қыстау кез болатын. Бірде Шымкенттегі қарашаңырақ атанған педагогикалық институтта өткен жиында бас қосқан болатынбыз. Ол кісінің жастардың нағыз жанашыры ретінде ерекше көзге түсіп жүретін кезі. Сол жолы ағамыз жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты тебірене сөйлегені есімде қалыпты. Терең мағыналы, әсерлі сөздер айтылды. Сәкең – мінезге бай, өте байсалды, қарапайым, терең ойланып сөйлейтін. Небір алқалы жиындарда сөз сөйлеп, көпті өзіне қаратып алатын жақсы қасиеті бар еді. Қоғамдағы өткір мәселелерді дер кезінде көтеріп, сын айта білетін.
Азаматтың өмірінің жалғасы – оның шәкірттері ғой. Ол кісі өзі дәріс оқып, көпшілігіне бағыт беріп, жетекшілік еткен шәкірттері бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде абыройлы қызметтер атқарып, жемісті еңбек етіп келеді. Солардың қатарында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-ректор Гүлжан Сүгірбаева, университет проректорлары Баршагүл Исабек, Ербол Шаланов, ғылымда ұстаздарының ізін басып келе жатқан тарих ғылымдарының кандидаттары, доценттер — Қайрат Анарбаев, Гүлжан Орынбасарова, Бахадүр Айтай, Шадияр Әшіров бар.
«Ұстазыңды өле-өлгенше мадақта, ұстазың ғой сені қосқан санатқа» демекші, университет ректоры және ұжымы ұстаздарын ұлықтап, еске алуды ұмытпай назарда ұстап келеді. Былтыр университеттің 85 жылдық мерейтойына орай, «Тарих және педагогика» факультетінің ұлағатты ұстаздарына арналған мемориалдық дәрісханалардың ашылу рәсімі өтті. Бұл білім саласының белгілі ұстаздарын кейінгі ұрпаққа насихаттаудың бір тәсілі деп білеміз. Мұнда Сағынғали ағамыздың атындағы дәрісхана да ашылды. Игі іс ардақ тұтқан ұлағатты ұстаздарына қойылған ескерткіш іспетті еді.
С.Әбубәкіров ағамыз қаламыздың қоғамдық-әлеуметтік, мәдени өміріне белсене араласып жүретін. Ана тілін қастерлеп, оған жоғары мән беретін. Шымкент қаласының «Қазақ тілі» қоғамының және ономастикалық комиссиясының мүшесі болды. Қалада қазақша атаулар беруге барынша өз ықпалын тигізді.
Сәкеңнің әкесі Әбубәкір Сандыбаев – Түркістан өлкесінің руханиятына үлкен үлес қосқан, оқу-ағарту саласында еңбек еткен, елінің асыл азаматы, ұлтжанды ұстаз болған жан. Ол жөнінде Сәкең қызымен бірге жазған «Алтын діңгек» атты естелік еңбегінде айта кетіпті. Әкесі Әбубәкір 1887 жылы дүниеге келген екен. Бесікте жатып әкесінен, 9 жасында шешесінен айырылып, содан әркімнің есігінде жүруге мәжбүр болған. Байдың малын бағып, қара жұмысқа да жегілген. Кейіннен хат танып, 1919 жылдан 1925 жылға дейін Сауранда мұғалім болып істеген. 1934-1938 жылдары Балтакөл ауылында ауылдық кеңесті басқарып, 1938-1940 жылға дейін қуғын-сүргін көріп, қамауда болған. Ол кісінің тартқан азабы, көрген қорлығы аз емес. Ақталып шыққан соң, еліне аянбай еңбек етіп, қалған өмірін жарқын болашаққа арнаған. Сол жылдары шығып тұрған «Ақ жол» газетінде бірнеше мақалалары жарық көріп, ел тіршілігінің сан-алуан тақырыптарын қамтығаны белгілі. Сол «Ақ жолда» жарияланған мақалалардың аудармасының бірқатарын мен Сәкеңе әкеліп бергенде, ерекше қуанып, риза болған еді.
Сәкеңмен қайтыс болардың алдын кездескенімізде «Әкем Әбубәкір Сандыбаев жөнінде естелік жинақ шығарсам ба деген ойым бар. Сәке, сендер қазір қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде комиссияда жұмыс істеп, архивте жүрсіңдер, егер әкем жөнінде құжаттар табыла қалса, қарай жүрерсіңдер» деп өтініш білдірген болатын.
Содан Шымкент полиция департаментінің арнайы архивінен (бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архиві) Әбубәкір Сандыбаевтың қамауда жатып (15 жылға сотталған екен) Қазақ ССР жоғары Кеңесіне орыс тілінде сауатты жазылған, сегіз беттік кешіру (прощение) хаты табылды. Хат өте нашар сақталған, бірақ ежіктеп түсінуге болады. Сол хатта өзінің жазықсыз жазаланғанын жазып, соңында кешірім беруді сұрапты. Осы хатты және туған ағасы Мырзағали Сандыбаевтың екінші дүниежүзілік соғыс жылдары әскери тұтқында болып, фильтрациядан өткені жөнінде құжаттарды Сәкеңе әкеліп бергенімде, ол кісі құжаттармен танысып, қатты толқып, көзіне жас алып қалғаны әлі де есімде.
Сағынғали ағамен біз алғашқыда әріптес ретінде, кейіннен ағалы-інілі бауырдай сыйластық. Оншақты жыл бұрын құдай қосқан көрші болдық. Үй арасында үй жоқ. Бір-біріміздің қуанышымызды бөлісіп жүрдік. Бір көшеде тұрып, аралас-құралас болғанымыз тағдырдың бізге берген сыйы деп білеміз. Көршілер Сәкеңді ерекше сыйлап, құрметтейтін. Сәкеңе арқа сүйейтін. Ауылымыздың төбе биі ретінде туралығын айтатын.
Дүниеден өтерінен аз бұрын ораза айында ағамыз шаңырағына көршілерді шақырып, ауызашар берді. Ағамыздың жүзі бұрынғыдай емес, жүдеу көрінді. Сонда Сәкең қатты науқастанып қалғанын сездірмей жүрген екен. Көрші-қолаңға әңгімесін айтып, ашық-жарқын отырғанымен, осы кездесуде қоштасқандай болды. Алланың өлшеп берген өмірі солай шығар, оған ешкім қарсы тұра алмайды.
Осы жерде Сағынғали ағаның өміріндегі жетістіктері, жемісті еңбегінде асыл жары Баян апайдың да үлесі мол. Баян апай ұстаз, ана болумен қатар, Сәкеңнің ақылшы серігі, өмірдегі көрігі, берік тылы бола білді. Сәкең апайды «менің үйдегі хатшым» деп әзілдеп қоятын. Онысы өзіне жарасып тұратын. Ұл-қыздары Жомарт, Асқар, Гүлбанудың жақсы тәрбие алғанын, адами қасиеттерді бойларына жинақтаған жандар екенін көріп жүрміз. Қазір әрқайсысы өз алдына жеке отбасы, әр салада еңбек етіп келеді.
Ол кісінің жүріп өткен жолы, өмірі ұрпаққа үлгі-өнеге. Тиянақты зерттеулері, жазып қалдырған ғылыми еңбектері — мәңгілік мұра. Сондықтан да Сәкеңнің мерейтойлық даталарына орай ғылыми конференциялар мен еске алу кештері ұйымдастырылса, игілікті іс болары сөзсіз.
Сағынғали аға жөнінде айтылатын әңгіме бір мақаламен шектелмейтін дүние. Ол кісінің әрбір еңбегі ізденуші жастарға ғылыми азық болатыны анық.
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз калдырған» деп дана Абай айтқандай, Сағынғали ағаның бейнесі әріптестерінің, шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталмақ.

Сейдехан ӘЛІБЕК,
тарих ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің директоры