МЕМЛЕКЕТТІҢ ХАЛЫҚҚА ҚАМҚОРЛЫҒЫНЫҢ КӨРІНІСІ
Бүгінде Шымкент қаласының жылдан жылға көркейіп, гүлденіп келе жатқанын көріп қуанамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үлкен қалалардың шетінде орналасқан елді мекендердің өзекті мәселелерін шешу, оларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы қазір кезең-кезеңімен орындалып келеді.
Мәселен, Шымкент қаласындағы өзім өмір сүріп жатқан Асар-2 шағын ауданындағы 500-ден астам тұрғын үй 2-ші кезең ретінде белгіленіп, инфрақұрылым желілері жүргізілмей қалып кеткен еді. Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан өткен 2022 жылы жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, сол жылдың өзінде бұл жобаларға қаржы бөлінді. Соның арқасында 2022 жылы табиғи газ бен ауыз су жүйесінің құрылысы басталды. Осылайша, 2022 жылдың желтоқсан айында таза, сапалы ауыз суға, ал, 2023 жылдың қаңтар айында табиғи газға қосылдық.
Негізінде біздің елді мекенді сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша да жоба жасалып, қаржы бөлінген. Алайда, тендер кезінде мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысқан мердігер компаниялар арасындағы сот процесі жұмыстың кешеуілдеуіне себеп болып жатыр. Қазір іс Жоғарғы сотта қаралып жатқанын естідік. Осы мәселе шешімін тапса, биылғы жылы сапалы электр қуатына да қол жеткіземіз деген үмітіміз бар.
Менің ойымша, бұл – мемлекеттің халыққа деген қамқорлығының бір көрінісі, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп жатқан ашық та, әділетті саясатының жемісі. Осы орайда біздің мәселелерімізді жергілікті билікке жеткізіп, оның жылдам шешілуіне ықпал еткен депутаттарға алғыс айтамыз. Атап айтқанда, жетінші шақырылымда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған Фахридин Қаратаев пен қалалық мәслихаттың депутаты Айжан Наимбековаға ризашылығымызды білдіреміз.
Наурыз айында өткен Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына біздің елді мекеннің тұрғындары белсенді түрде қатысты. Жаңадан сайланған депутаттар да халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді деп үміттенеміз.
Жәнібек САНДЫБАЕВ,
Шымкент қаласы, Асар-2 шағын ауданының тұрғыны