ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒА

777

Адамзат баласының тарихында артына өшпес із қалдырып, туған халқының өркениет көкжиегін асқақтатуға үлес қосқан тұғырлы тұлғалардың келер ұрпақты адастырмай алға жетелейтін темірқазық екені айқын жайт. Қазақ елінің тарихында да халық жадында мәңгілік сақталып қалған ұлы тұлғалар аз емес.

Тұлға – белгілі бір кезеңде өмір сүріп, игі істерімен ел жадында сақталған адам. Ең алдымен, тұлға – тарих еншісіндегі ұғым-түсінік. Ел басына күн туған кезеңде ержүректік танытқан, халық тағдырының шешуші сәттерінде ақыл-парасаты мен батыл іс-әрекеті нәтижесінде көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген жан ғана тұлға ретінде танылады, халық жүрегінде мәңгілік сақталады. Туған халқымыздың тәуелсіздігі үшін күрескен, сол жолда басын бәйгеге тігіп ерекше ерлік көрсеткен азаматтар қай заманда да ұлтымыздың тұғыры биік тұлғаларына айналды.
Мемлекет басшысы, Президентіміз Қ.Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты тарихи еңбегінде былай деп толғанды: «Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ, ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек». Президент атап көрсеткендей қазақ халқы сан алуан ауыр сынақтардан өтті, туған елінің тағдырына, болашағына алаңдап күрескен тұлғаларымыз да сол сынақтар кезінде халқымен бірге болды.
Аз-кем жадыны жаңғыртсақ. Ұлттың ұраны болған, қиын-қыстау кездері қол бастаған тұлғалар бейнесі ерте дәуірден-ақ ел аузында айтыла келіп, халықтық шығармаларға өзек болды. Аңыз әңгімелер мен эпикалық жырларда көркем бейнелері сомдалды. Халқымыздың тағдыр-талайында туған жерді қорғаған ержүрек батыр, елімізді төтеннен келген нәубеттен алып шыққан данышпан дана тұлғалар аз емес. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары ұрпаққа сөз өнері арқылы өнеге болып қалады.

 

Қазақ халқының тарихында туған елі мен туған жерінің тағдырын қарақан басының амандығынан биік қойған тұлғалардың тұғыры қашанда биік. Келмеске кеткен кеңес дәуірінде ғұмыр кешкен, туған жерінің тұтастығын сақтап қалған алып тұлғаның бірі әрі бірегейі – мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтын сүйген ұлы тұлға Жұмабек Тәшенов еді.
Елдің тарихын атақты тұлғалардың атқарған істері арқылы зерделеу – қазақ халқының таным-түсінігінде көне дәуірлерден қалыптасқан ғажайып дәстүр. Ежелгі дәуірлерден бері бабаларымыздың шежірелік санасында тарихи таным бірінші кезекте жеке тұлғаларға қатысты деректермен зерделенеді. Қоғамның мәдени-рухани ахуалы, саяси-әлеуметтік жағдайы белгілі кезеңдегі көрнекті тұлғалардың іс-әрекеті арқылы айшықталады. Сондықтан да қазақтың дәстүрлі пайым-түсінігінде қоғам өмірін жақсы арнаға бұру үшін алдымен адам санасын өзгертуге мән беру керектігі ескерілген. Халқымыздың рулық шежіре дәстүріндегі қоғам ілгерілеуінің басты тегеріші ретінде өмірден өткен ата-бабалар жөнінде жан-жақты мағұлмат жинақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу сыры осында жатыр. Халық ауыз әдебиетіндегі тарихи тұлғалар туралы аңыз-әңгімелердің рухани құндылығының маңызын сөзбен жеткізу қиын.
Мұның бәрін тізбелеп еске түсіріп жатқан себебіміз де жоқ емес. Қазақ халқына 70 жылдан астам билік жүргізген, аталарымызға алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрсеткен кеңестік кезеңде өмір сүрген Жұмабек Тәшенов жайында да аңызға бергісіз әңгімелер ел арасына кеңінен тарады. Халық өзінің қорғаны болған өр тұлғаны жадында сақтады, есімін аңызға айналдырып, санасында жаңғыртып отырды. 1955-60 жылдары еліміздің, жеріміздің тұтастығына қауіп төнді. Тың және тыңайған жерлерді игеруді сылтауратып, қазақ жерінің солтүстік аймағын бөліп алмақшы болған КСРО басшысы Н.С.Хрущевтен тайсалмаған Жұмабек Тәшеновке деген елдің сүйіспеншілігі ерекше болды. Тарихи тұлға туралы ел аузында аңызға бергісіз әңгімелер айтылды. Қолына қалам ұстаған ақын-жазушыларымыз да өздерінің шығармалық өнерінде әйгілі тұлға тағдырын өзек етті. Сүйікті ұлының ғажайып образын сомдады. Ендігі кезекте ұлы тұлға Жұмабек Тәшенов жайында жазылған жазбалардың біршамасына арнайы тоқталамыз.
Алғашқы сөзді қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Кәкімбек Салықовпен бастадық. Ақиық ақын ел сүйіктісіне арнаған тұлға жайында «Дарабоз туған ер қазақ» атты өлең жазды. Ақын ер қазақ ерлігін былай деп жырға қосты:
Қазағымның тарихында сұр белең,
Тың игеру деген туды дүрбелең.
Сол жылдарда әйгі болды Тәшенов,
«Тың өлкесін» Ресейге бермеген.
Құптамаған Хрущевтің ұранын,
Асыл тұлға кешті өмірдің сынағын.
Үкіметтің басшысы еді, қуғындап,
Шымкент етті төмендетіп тұрағын.
Жан болмады кейін әділ байқаған,
Ащы сырды енді ашық айта алам:
Хрущев құрып кетсе-дағы, шіркін-ай!
Кейінгілер көтермеді қайтадан.
Ресейден Қырымды алып қинаса,
Белгілі ғой алабүлік тынбаса.
Сол індетке ұрынар ек біз-дағы,
Тәшеновтей қазақта ұл тумаса.
Сыр бермесе кеңестік сұм сойылға,
Өз басы емес, ел тұрды оның ойында.
Бурабайда Жекебатыр секілді,
Ұйықтап жатыр Сырдария бойында, — деп жырлады.
Ел арасындағы халық ақындары кеңестік кезеңнің өзінде Жұмабек Тәшеновтің заман шеңберіне сыймайтын тарихи тұлға болғанын өлеңмен өріп, елге үлгі-өнеге етті. Мысалы, ақын Жарасбай Нұрқанов:
Сары-Арқа сағым ойнап құба белі,
Тағдыры қыл үстінде тұрған еді.
Бір өзі кеудесімен қорғап қалған,
Қазақтың жүрек жұтқан Жұмабегі!
Жігіттер, өлеңмен айт, әуезбен айт,
Алайда есте болсын мына бір жайт.
Қазақтың ең бір өжет батыры деп,
Әспеттеп айтар болсаң Тәшеневті айт!-
десе, сол шақта құрылған «Елін сүйген ерлер» партиясы басшысының орынбасары болған ақын Мехмет Теміров:
Төнгенде қара бұлт көкті торлап,
Шешкен жан шиелі істі оймен толғап.
Аузынан аждаhаның жұтам деген,
Жан салып, ел мен жерін қалған қорғап.
Жаралған алып батыр, ердің ері,
Қазақтың асып туған кемеңгері.
Жұмабек «жан пида!»,- деп кіріспесе
Қалар еді қазақ елі соры қайнап,- деп көкке көтере өлең арнады.
Біздің өлке ақындары да әйгілі тұлға туралы жыр жазды. Соның бірі Оңтүстіктегі елдің шексіз ықылас-пейіліне бөленген халық ақыны Қаныбек Мейірбеков:
Қазақтың жұлдызындай көгіндегі,
Ардақты ақсақалы төріндегі.
Қайраткер қамал бұзған батырындай,
Ардақты азаматы ең ілгері.
Қорғадың қасиетті халық арын,
Сол еді бар іңкәрлік ынтызарың.
Халқым деп көкірегің қарс айрылды,
Аузыңнан «Ах!» дегенде шықты жалын,-
деп жырласа, ақын Омарбай Малқаров:
Қастерлеп кім сыйламас Жұмабекті,
Ол бір жан туа салған ер келбетті.
Дауылда шыңға қонар қыран қабақ,
Дұшпанға жібермейтін бірде кекті.
Жұмабек жез таңдайлы, ойлы шешен,
Тамсантқан жиындарда қалың көпті.
Ерлігін, білгіштігін елі білер,
Демейді ақ жауындай өтті кетті –
деген өлең жолдарымен қалың елдің сүйіспеншілігін жеткізеді.
Тәшеновтің туған жері үшін қайтпас қайсарлығы – билік тұтқасын ұстаған қандастарға үлгі. Ел арасындағы өнерпаз ақындар мен қаламгерлер мұны жан-жүрегімен сезінді. Шабыттана жырлады, сөздің дәмін келтіріп жазды.
Оңтүстік Қазақстан өңірінде Жұмабек Тәшеневпен қызметтес болған ел ағасы, қайраткер тұлға, қаламы қуаты ерекше жазушы Әбжаппар Жылқышиев өзінің «Шындық пен сұмдық» атты кітабында тарихи тұлғаның ішкі болмысы мен кескін келбетін былайша суреттейді: «Жұмекең ғұлама адам еді. Ел тарихы, өнер мен мәдениет, саясат пен экономика, мәдени құрылыс – осылардың бәрі туралы ең кем дегенде әр саланың ғылым кандидаттарындай мағлұматы болатын. Денесі тұтас еді. Сырт бейнесі батырларға ұқсайтын, қырғи қабақ кісі болатын. Қой көздері тікелей қарағанда кімді болса да жасқандырып тастайтын. Сөйлеген сөзінің анықтығы мен нық айтылуынан бойында қажымас қайрат, жасымас жігер бары айқын сезіліп тұрушы еді. Содан да оған қарсы сөз айтуға ешкімнің батылы жетпейтін».
Жұмекеңнің елге, жерге сіңірген еңбектері туралы айтыла қалса: «Уақыт деген алып бар, тарих деген шежіре бар. Осы екеуі әркімді өз орын-орнына қояды» — деп өзі туралы айтуды ұнатпайтын. Мақтаншақтар мен татымсыздарды жаратпай, ондайлардан іргесін аулақ салатын». Жұмабек Тәшеновпен үзеңгілес ғұмыр кешкен қаламгердің сөзбен салған бейнесінің шынайылығына күмән жоқ.
Белгілі жазушы Сәбит Досанов 1998 жылы «Санат» баспасынан жарық көрген өзінің «Жиырмасыншы ғасыр» романында ел өміріндегі елеулі оқиғаларды Ақбас бүркіттің көзімен, ой сезімімен суреттейді. Ерекше көркемдік тәсілмен өрнектелген шығармада өткен ғасырдағы айтулы сәттер қатарында мемлекет және қоғам қайраткері Ж.Тәшеновтің Хрущевпен тартысы суреттеледі. Әдеби туындыдан үзінді келтірейік: «-Саяси Бюроның шешіміне қарсы шығатын сен кімсің?! Әрі-беріден соң бұл мәселені Қазақстанның келісімінсіз-ақ шешеміз. Совет Одағы тұтас бір мемлекет, қай жерді қай республиканың меншігіне беру СССР Жоғарғы Кеңесінің құзырында, — деді Хрущев Тәшеновты ала көзімен атып.
– Жоғарғы Кеңес жер мәселесін Одақтас Республикалардың келісімінсіз шеше беретін болса, КСРО-ның және Республикалардың Конституциясын жоюы керек. Конституцияда әр республика өзінің тарихи жерін өз меншігім деп пайдалануға правосы бар деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Никита Сергеевич, алда-жалда сіз заңмен санаспасаңыз, біз халықаралық органдарға, тіпті, Біріккен Ұлттар Ұйымына шағымданамыз.
– Бұл мәселеге кейін қайта ораламыз. Енді бос сөзді қойып, әркім өз жұмысымен айналыссын. Боссыңдар! – деп орнынан тұрды Хрущев.
«Жарты әлемді билеп тұрған көсемнің түрін-ай, — деп іштей мырс ете Тәшенов допша домалай бара жатқан Хрущевқа қарап, — бұл пақырдың бойы ғана емес, ойы да аласа екен ғой». Жазушы тартысты оқиғаны, жері үшін жанын беруге дайын күрескердің өрлігін, саяси сауаттылығын, қаймықпай қарсы шыққан қайсарлығын өте әсерлі бейнелеген. Алып империя басшысы Хрущевтің өзі «әркім өз жұмысымен айналыссын» деп тайқып кетуге мәжбүр болады. Жазушы тарихи сәттің басы-қасында өзі болғандай, қаз-қалпында шынайы суреттейді.
Әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек өзінің «Қатепті қара нар (Жұмабек Тәшенов туралы толғаныс)» деген еңбегінде тұғыры биік тұлғаның тарихтағы орнын, өзіне ғана тән болмыс-бітімен жан-жақты ашып берген: Ғалым: «…Баламалы сөзді қолдануын қолданып алып, оның күні ертең бояуы оңып кетерін де анық байқап отырмын. Ол бояуды, ол баламалы сөздің орнын «Жұмабек Тәшенов» деген ұғым басып кете баратын болады әлі-ақ. «Жұмабек Тәшенов» десек нар тұлға, асқар биік, асқар шың, қыран жүрек ұғымдары өзінен-өзі көңіліңе ұялай кететін болады. Жұмабек Тәшенов қайраткерліктің өлшеміне айналады. Бізді ондай түсінік, ондай ұғымға еріксіз жетелеп алып келе жатқан – Жұмабек Тәшеновтің туған халқы тағдыры қысылшаң екіталай халге ұшыраған кезінде басын бәйгеге тігіп, қасқайып қарсы тұра алғаны. Туған халқы үшін отқа түсіп, араша сөзін айта алғаны. Жұмабек Тәшенов – қазақ халқының қайталанбас қайраткерлерінің бірегейі!», -деп толғанады.
Ой қорытар тұста Президентіміздің жоғарыда айтылған тәуелсіздік жайындағы толғанысындағы келесі бір ойларына қайта оралсақ. Мемлекет басшысы: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын»,-деп атап көрсетті.
Қасиетті Жер Анамыздың тұтастығы үшін күрескен, сол үшін басын қауіп-қатерге тіккен тарихи тұлға Жұмабек Тәшеновтің өмірі, өнегелі істері жайындағы әдеби туындылар жайында айттық. Қайраткер тұлғаның қайсар рухты бейнесі, ғибратты ғұмыры – бүгінгі жас ұрпақтың жанына жақын бейне.

Амангелді МАМЫТ,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент,

Нариман НҰРПЕЙІСОВ,
филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы
журналистер одағының мүшесі