«ҚАЗЫҒҰРТ» МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ҚАЛА МЕНШІГІНЕ ӨТЕДІ

127

– Аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстарға қысқа тоқталып өтетін болсам, «Жайлы мектеп» жобасымен Ұлағат шағынауданына және Қарабастау жаңа құрылысы учаскесіне 1200 орынды мектептің құрылысы жүруде. Биыл күзде пайдалануға беріледі деп күтілуде. Базарқақпа тұрғын алабындағы «Қаратөбе» мәдениет үйінің ғимараты ескі, апатты болуына байланысты 2022 жылы «Диас Проект» ЖШС жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледі. Мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізіліп, мердігер мекеме ретінде «СИГРОСТ» ЖШС анықталды. Қазіргі таңда ескі ғимаратты бұзу жұмыстары жүргізілуде. Заманауи үлгідегі мәдениет нысаны салынатын болады, – деді Досбол Күздікбайұлы.
Аудан бойынша 283 көпқабатты үй 132 аулаға біріктірілген. 2021 жылдан бастап абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылуда. 2023 жылы 29 балалар ойын алаңшасын құру жоспарланған болатын. 27 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 2 шарт бұзылды.
– Бұл дегеніміз тұрғындар өз ұсыныстарын жасау арқылы жергілікті бюджеттің қалыптасуына қатысады. Жоба аясында 2024 жылы 44 көпқабатты үйдің ауласын абаттандыру және жеке секторда 11 мекенжайда кешенді балалар ойын алаңшасын орнату жоспарлануда, – деді аудан әкімі.
Қалған абаттандыруды қажет ететін 39 ауланы көркейту 2025 жылға жоспарланып отыр екен. Олар: «11», «12», «Цементшілер», Көксай-2 шағын аудандары мен Қаратөбе, Жұлдыз тұрғын алаптары.
2022 жылы 107 спорт алаңшасы салынды. Тұран ауданының ашылуына байланысты Еңбекші ауданы аумағынан Әл-Фараби ауданына 58 ашық спорт алаңшалары тапсырылды. Қазіргі таңда аудан аумағында 49 ашық спорт алаңшалары орналасқан. Былтыр 7 спорт алаңшасы пайдалануға тапсырылды.
Биыл 8 ашық спорт алаңшасын орнату жоспарлануда. Аудан әкімінің айтуынша биыл 5 гүлзар салу жоспарланғанын жеткізді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу іс-шарасын өткізуге құжаттамалар дайындалып жатыр.

– Өздеріңізге белгілі, Маятас, Тоғыс, Жыланбұзған тұрғын алаптар Бадам өзені жағалауына жақын үйлерге келер қауіптің алдын алу бойынша 2021-2025 жылдарға арналған су тасқыны іс-шараларының жол картасы әзірленген болатын. 2022 жылы мердігер тарапынан жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. 2023 жылы қаржы қаралып, Бадам өзені жағалауын бекіту бойынша мердігер мекеме «TOLAGAI-2050» ЖШС анықталды. Қазіргі таңда 2,6 шақырым аралыққа құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме «Толағай-2050» ЖШС-ның демеушілігімен Маятас тұрғын алабында Бадам өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірдің эскиздік сызбасы әзірленіп, көпірге қайта құру бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда қолданысқа берілді, – деді аудан әкімі.
Аудан әкімі жақсы жаңалықпен бөлісті. Айтуынша, Тоғыс тұрғын алабында ұзақ жылдар бойы шешімін таппай, жекеменшікте қалған «Қазығұрт» мәдениет үйі қала меншігіне өтпек.
– Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәдениет үйін мемлекет меншігіне қайтару бойынша меншік иесімен келіссөз жүргізген болатын. Екіжақты келіссөз нәтижелі аяқталып, «Қазығұрт» өндірістік кооперативі мәдениет үйін мемлекет меншігіне қайтарды. Бүгінде қаулысы әзірленіп, «Шымкент қаласының мәдениет үйі» КММ-ға өткізу жұмыстары жүргізілуде. «Қазығұрт» мәдениет үйі – Еңбекші ауданындағы халық игілігіне қызмет етіп отырған нысанның бірі. Бұл жаңалық тоғыстықтарды қуантып отыр, – деді Досбол Есілбек.

Жансая СЫДЫҚБАЙ