ҚАЛАҒА ҚОСЫЛҒАН АУЫЛДАР ЕРЕКШЕ НАЗАРДА
Еңбекші ауданы – Шымкентте өндіріс орындары шоғырланған аумақ. Ауданда 18 тұрғын алап, 11 шағынаудан бар. 728 көше мен өткел, 1 саябақ, 2 гүлзар, 283 көпқабатты және 37061 жеке тұрғын үй орналасқан. Халық саны 228 830-ге жетті. Ауданда тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Елдің жайы инфрақұрылымынан білінеді
Қалаға қосылған 7 елді мекендегі құрылыс аймақтарын ауыз сумен қамту бойынша жұмыстар аяқталып, жалпы 3724 абоненттің ауыз суға қолы жеткен.
Ал аудан аумағына жаңадан қосылған «Исфиджаб» тұрғын алабын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жоба құны –
3,0 млрд теңге. Биыл Жастар көшесі мен «Қазығұрт» станциясы аумағындағы 102 абонентті және Оңтүстік жаңа құрылыстағы 989 абонентті сапалы ауыз сумен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжат әзірлеу жоспарланған.
Аудан әкімі Досбол Есілбектің айтуынша, өткен жылы халық шоғырланған аумақтар толық ауыз сумен қамтылған. Ал, жаңа құрылыс аумақтарын 2024-2025 жылдары ауыз сумен толық қамту жоспарланған.
2022 жылы аудан аумағындағы 9 елді мекенде 2013 абонентке сапалы электр желісі тартылған еді. 2023 жылы Исфиджаб, Достық (1356 абонент) елді мекендерінде «DIAS Проект» ЖШС мердігер мекемесі тарапынан ЖСҚ әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынып, кезекті бюджетті нақтылау сессиясына ұсынылмақ. Одан бөлек, «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесі тарапынан 9 трансформатор ауыстырылып, 16,7 шақырым желі жаңартылды. Биыл Қарабастау Жаңақұрылысында (120 абонент) сәулет-жоспарлау тапсырмасын әзірлеу және 19 трансформатор мен 33,4 шақырым желіні жаңарту жоспарлануда.
Ауданда табиғи газ жүйесімен қамту көрсеткіші 90,7%-ды құрайды. 2023 жылы Оңтүстік, Қарабастау, Жұлдыз, Жалын, Қаратөбе жаңақұрылыс аймағындағы 3739 абонентке мердігер мекеме жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеп, сараптаманың оң қорытындысы алынды.
Жұлдыз, Жалын, Қарабастау, Қаратөбе тұрғын алабы және Еламан, Еңлікгүл көшелеріне газ кіргізу үшін 2024 жылға бюджеттік өтінім ұсынылады. Жалпы, аудан бойынша 2025 жылдың қорытындысымен жаңақұрылыс аймақтарындағы 5992 абонентті табиғи газбен қамтып, қамту көрсеткішін 100%-ға жеткізу жоспарланған.
Ауданда кәріз жүйесімен қамтылу жағдайы 41%-ды құрайды. Аудан аумағында «Ұлағат» шағынауданында (2248 абонент, «Алем Строй 1»ЖШС), кәріз жүйесінің құрылысы аяқталып, қазылған жерлер қалпына келтірілуде.
Жұлдыз тұрғын алабындағы көпқабатты 27 үйді (175 пәтер) кәріз жүйесімен қамту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілді. Базарқақпа тұрғын алабындағы Достық көшесінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйлерге (270 абонент) кәріз жүйесін жүргізу үшін «Шабыт-21» ЖШС тарапынан жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
Ауданда ұзындығы 732,91 шақырымды құрайтын 728 көше мен өткел бар. 2023 жылы ұзындығы 45,5 шақырымды құрайтын 73 көше орташа жөндеуден өтті. 2024 жылға ұзындығы 56 шақырым 78 көшені жөндеу жоспарлануда. Қазіргі таңда сметалық құжаттамалар әзірленіп, сараптама қарауында жатыр. Сонымен қатар, 12 көшеге шағал тас төсеу және аудан аумағында бірінші қажетті көшелерге аяқ жол салу жоспарланған. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу іс-шарасы жүргізілуде.
Қазіргі таңда аудан аумағында жарықтандырылған көше саны – 117. 2021 жылы 18 көше жарықтандырылса, ал мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында 2022 жылы әлеуметтік нысандарға жақын орналасқан 22 көше жарықтандырылды. 2023 жылы 28 көшеге жарықшамдар орнатылды. Биыл 200 көшені жарықтандыру жоспарлануда.
Қазіргі таңда техникалық шарт алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен, биыл жалпы 317 көше жарықтандырылмақ.
Көктем айы жауынды-шашынды болып тұр. Ауданның су тасқынына дайындығы қалай? Күз, көктем мезгілдерінде жауын-шашыннан болатын тасқынның алдын алу мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 57 мекенжай анықталған. 2022 жылы су алу қауіпі жоғары 21 мекенжайға, өткен жылы 19 мекенжайға ирригациялық арықтар жүргізілді.
Ал, биыл 8 мекенжайға ирригациялық арықтар орнату жоспарлануда. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу іс-шарасы атқарылуда.