ШЫМКЕНТТЕ САЛАЛЫҚ БАҒЫТТАР БОЙЫНША АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР САРАЛАНДЫ

21

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Жиында 2025 жылдың тоғыз айындағы мемлекет пайдасына өндіру істері бойынша сот орындаушыларының жұмысы, қаладағы эпидемиологиялық ахуал және көгалдандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралды.

Мемлекет кірісіне өндірілген қаражат – 2,3 млрд теңге

Қалалық әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекованың мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері Шымкент қаласында сот орындаушыларының өндірісінде мемлекет пайдасына өндіруге қатысты 187 мыңнан астам атқару құжаты тіркелген. Оның 70 мыңнан астамы аяқталып, нақты орындалу деңгейі 69,7 пайызды құрады. Аталған бағытта өндірілген қаражат көлемі – 2,3 млрд теңге.

Эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Талғат Сермаңизов қаладағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін мәлімдеді. 2025 жылдың тоғыз айы ішінде жұқпалы аурулардың күрт өршуі тіркелмеген. Қаланың барлық аумағында профилактикалық және дезинфекциялық шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстар халықтың денсаулығын қорғауға және жұқпалы аурулардың алдын алуға бағытталған.

Экосаябақ аумағында ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде

Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғардың айтуынша, бұрынғы тұрмыстық қалдықтар полигонының орнында салынып жатқан «Экосаябақ» аумағында кең көлемді көгалдандыру шаралары жоспарланған.

Демеушілердің қолдауымен 5 мың ағаш отырғызылып, газондарды суару үшін 9 ұңғыма бұрғыланады. Сонымен қатар, 13 гектар аумаққа автоматты суару жүйесі орнатылмақ. Бұдан өзге, 1 800 жеміс ағашы отырғызылып, 8 гектар жерге тамшылатып суару технологиясы енгізіледі.

Көктемгі ағаш отырғызу маусымында жаңа шағынаудандар мен негізгі көшелерге 3 мыңнан астам көшет егілсе, күзде қосымша 7 800 ағаш отырғызу жоспарланып отыр.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қала көшелері мен саябақтарда 22 мыңнан астам көпжылдық гүлдер отырғызылды. Жалпы алғанда, 40 мың шаршы метр аумаққа 1,6 миллион қызғалдақ егілген.

Жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берілді

Аппарат отырысының қорытындысы бойынша қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауапты мекеме басшыларына қойылған міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді және орындалу барысын қатаң бақылауға алуды тапсырды.