ЖАС ҚОЛӨНЕРШІЛЕР БАҚ СЫНАДЫ

224

Наурыз айында «Алтын қазына» көркем және сәндік-қолданбалы өнер бойынша балалар шығармашылығының республикалық көрме-байқауының қалалық кезеңі өтті. Бейнелеу өнері музейінде ұйымдастырылған байқау оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдап, тәрбие беру және олардың шеберлігін әрі қарай үйлесімді дамыту мақсатында қолға алынды.

Көрме-байқауға Шымкент қаласының мектеп оқушылары мен қосымша білім беру мекемелерінің 11-17 жас аралығындағы білім алушылары қатысты. Үш күнге созылған байқаудың алғашқы күнінде қазылар алқасы көрме-байқауының жұмыстарын сараптап, жеңімпаздарды анықтады. Ал, екінші күнінде байқау қатысушылары байқауға түскен шығармашылық жұмыстармен танысып, көрмеде тамашалады. Ал, үшінші күнінде салтанатты жиын ұйымдастырылып, көрме-байқауының жеңімпаздарын марапатталды.

Сайыс 8 номинация бойынша өтті. Атап айтқанда:
1) тоқыма бұйымдарын дайындау;
2) ағашты, сүйекті, теріні көркемдеп өңдеу;
3) металды көркемдеп өңдеу;
4) ағаштан, тастан, саздан (қыш саз), сабан, тоқымадан шағын формадағы мүсіндерді жасау;
5) ұлттық ою-өрнегі бар халықтық киімдерінің үлгісін жасау;
6) қағаздан бұйымдар жасау;
7) ұлттық нақыштағы интерьердің ерекше дизайн-жобасы;
8) шыныны көркемдеп өңдеу.

Байқауға қаладағы 101 мектептен 717 жұмыс келіп түскен. Көрме-байқауға түскен тоқыма бұйымдарын дайындау және ағаш, сүйек, теріні көркемдеп өңдеу бағыты бойынша түскен жұмыстар мазмұнды, сапалы орындалуымен ерекшеленді. Қазылар алқасының құрамына кәсіби қолөнер шеберлері мен суретшілер, технология пәні тренері, тігін өндірісі технологиясының оқытушысы, журналистер қосылды.

Жеңімпаз атанған оқушылар дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал жеңімпаздарды дайындаған жетекшілерге алғыс хаттар табысталды. Қалалық көрме-байқауының жеңімпаздары Шымкент қаласы атынан мамыр айында Астана қаласында қашықтан өтетін республикалық көрме-байқауына қатысады.

У. ҚАМЫТБЕКОВА,
«Экология, өлкетану және туризм орталығы» КММ директоры