БӨЛІМШЕ ЖЫЛЫНА 600 БӨБЕКТІ ҚАБЫЛДАЙДЫ

241

«Ерте қаралғанның емі шипалы» демекші, мамандар оңалту емі ерте кезеңнен қолға алынса, шипасы да соғұрлым нәтижелі болатынын алға тартып отыр.
— Елімізде жүз мыңнан астам оңалтуға мұқтаж бала бар. Олардың әрқайсысы үшін оңалту емінің маңызы зор. Халықаралық сарапшылар балалар оңалту емін ерте кезеңнен бастаса, олардың денсаулығы 60-80 пайызға жақсара түсетінін айтып жүр. Сондықтан осындай оңалту емінде ерте араласу орталықтарының жұмысын үйлестіру — елімізде ерекше басымдыққа ие, басты назардағы іс. «Қамқорлық қорының» корпоративтік қорының «Қамқорлық» бастамасының аясында «Қазақстан халқына» қоры мен «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылық қолдауымен екі жыл ішінде 15 оңалту орталығы мен 7 ерте араласу орталығы ашылды. Биыл 10 мыңнан астам баланы ерте жастан оңалтуға бағытталған тағы 13 орталық ашу жоспарланған, — деді Мағрипа Хамитқызы.

Шымкент қалалық №2 оңалту орталығының бас дәрігері Айгүл Сапарғалиеваның айтуынша, орталық бүгінге дейін неврологиялық, ортопедиялық және кардиологиялық патологиялары бар 18 жасқа дейінгі балаларға оңалту емін жүргізіп келген. 2012 жылдан бастап оңалту емін жүргізіп отырған орталыққа өткен жылы жергілікті бюджеттен қаралған 607 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп, желтоқсан айында пайдалануға берілген. Мұнда жыл сайын 1500 бала 100 төсек орынды орталықта стационарлық үлгіде емделген. Енді оған қосымша «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесінің көмегімен 3 айлық сәбиден 3 жасқа дейінгі бөбектер ем ала алады. Неврологиялық диагноздармен, церебральды сал ауруы, Даун синдромы және мидың басқа зақымданулары бар балаларды амбулаторлық үлгіде қабылдау жоспарланған. Яғни, бөлімше бір мезетте 50 балаға дейін қызмет көрсете алады. Бұл бір жылда 600 балаға оңалту курсынан өтуге мүмкіндік бермек. Бір курс 21 күнтізбелік күнді құрайды.

Армандар ақиқатқа айналады

Салтанатты жиын барысында қаламыздың оңалту орталықтарында тұрақты түрде ем алып жүрген бүлдіршіндер өнерлерін паш етті. Одан соң, Шымкент қаласының әкімі мен қор өкілдері ерте араласу орталығын аралады. Емдік дене шынықтыру залындағы «Бобот» функционалды кушеткасы, емдеуге арналған әртүрлі жұмсақ төсеніштер, валиктер, бұрыштар, «иппотренажер», «Мотомед» тренажері, «Атлант» пневмо-костюмдері, «Корвит» аппаратының қызметімен танысты. Сондай-ақ, су емдеу жабдығы – «Посейдон» құрғақ флоатинг ваннасы, тұзбен емдеу, шунгитті емдеу бөлмелерін және эрготерапия кабинетінің жабдықталуын көрді.
Тірек-қимыл аппараты бұзылған жасөспірім Айдос Сейткерімов жиында спорттық машығын көрсетті.
— «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 2021 жылы Шымкентте «Жас жауынгер» спорттық үлгіде оңалту орталығы ашылғанын естігенде қатты қуандым. Бала күнімнен жыл сайын оңалту емін алып жүрсем де, спорттық үлгідегі оңалту емін 16 жасымнан бастадым. Спортқа қанша қызықсам да, мен үшін мұндай әрекеттерді орындау арман болатын. Алайда, білікті және өз ісіне адал мамандардың көмегімен, жаттықтырушым Сұңғат Төлебайдың демеуімен арманым ақиқатқа айналды, — дейді ол.
Ал, шымкенттік Шолпан Ақынова — қызына оңалту орталығынан тұрақты ем алып жүрген аналардың бірі.
— Қызым 2 жаста. Туа бітті балалардың церебральді сал ауруына шалдыққан. Денесінің сол жақ бөлігі жеңіл қимылдарды жасағанымен, оң жақ бөлігі мүлде қимылсыз болатын. Оңалту орталығындағы мамандардан жыл сайын ем алып келеміз. Әсіресе, ерте араласу бөліміндегі Эрготерапия кабинетінің көмегі көп болып отыр. Мамандардың баланың дамуына қарай таңдаған емдеу әдісінің нәтижесінде, өздеріңіз көріп отырғандай, оң қолымен ойыншықтарды түсіне қарай сұрыптап, жинақтауды үйренді. Ең маңыздысы сол, оңалту орталығындағы стационарлық емнен соң, қалаған уақытымызда ерте араласу бөлімінің қызметіне жүгіне алатынымыз қуантады, — дейді Ш.Ақынова.
Оңалту орталықтарына кезек күтіп, жылына 1-2 мәрте ғана ем алып жүрген пациенттер енді ерте араласу бөлімшесіне дәрігердің жолдамасымен келіп, амбулаторлы үлгіде ем ала алады. Ал, «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесінің мамандары Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Сондықтан қойылған диагнозға сәйкес әр балаға дербес ем тағайындалады.
Жиын соңында орталықта оңалту емін алып жүрген бүлдіршіндер арман-тілектері жазылған шарларды ашық аспанға ұшырып, демеушілермен естелік суретке түсті.
Айта кетейік, «Қамқорлық» бастамасының алғашқы екі кезеңі аясында ілкімді істер жүзеге асты. Еліміздің өңірлерінде бүгінге дейін 15 оңалту орталығы, 16 инклюзияны қолдау кабинеті және 7 ерте араласу орталығы ашылып үлгерген. Ал, биыл жыл соңына дейін 13 ерте араласу орталығы мен аутизмі және ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған 8 орталық ашу жоспарланған.