БЕКІТІЛГЕН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМАНЫҢ  ІСКЕ АСЫРЫЛУ БАРЫСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

201

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Шымкент қаласы әкімдігімен бірлесіп 2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама бекітілген болатын.

 

Бүгін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен жылу энергиясын өндіру бойынша қызметтер көрсететін «3-Энергоорталық» АҚ бірлесіп станция жабдықтарын жөндеу бойынша бекітілген инвестициялық бағдарлама аясындағы іс-шараларының орындалу барысымен танысу мақсатында кезекті баспасөз туры өтті.

 

Іс-шара барысында «3-Энергоорталық» АҚ бас директоры Қайрош Оңғарбаев станцияның жалпы жұмысымен таныстырды. Бекітілген инвестициялық іс-шараларды іске асыру көрсетілетін қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыруға, отын шығынын азайтуға, негізгі және қосалқы жабдықтардың сенімділігін арттыруға және тұтастай алғанда жылу энергиясын тұтынушыларды жылумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

 

«3-Энергоорталық» —   бұл жылу және электр энергиясының аралас өндірісі бар энергия көзі. Негізгі отын — табиғи газ, резервтегі отын  – мазут М-100 болып табылады. Бүгінгі күні резервтегі оттының қоры 9704 т. құрайды, ол 9 тәулікке жетеді.

 

Сонымен қатар, 2023 жылы жалпы инвестициялық салымдар сомасы 967 858 мың теңгені құрады, оның ішінде электр энергиясына 722 216 мың теңге (74,62%) және жылу энергиясына 245 642 мың теңге (25,38%) бөлінді»,- деді бас директор.

 

Биыл екі қазандық агрегатын және бір турбоагрегатты күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған болатын. Жұмыстар орталық кадрларының өз күшімен және қатаң түрде белгіленген мерзімдер аясында жүргізілуде. №1 қазандықтың жөндеу  жұмыстары қыркүйек айында аяқталады.  Нәтижесінде қазандық агрегатының тозуын 42,5%-дан 41,2%-ға дейін төмендеді. Ал №3 қазандық агрегатының   күрделі жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде толығымен аяқталып, агрегаттың тозуы 35,3%-дан 34,1%-ға дейін төмендетілді. №2 станцияның турбоагрегатының күрделі жөндеу жұмыстары да белгіленген мерзімде аяқталып,  тозу деңгейін 78,7%-дан 67,5%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

 

 

Жалпы инвестициялық бағдарламаны іске асыру жабдықтың тозуын 2,9% төмендетуге мүмкіндік береді. Мысалы, станцияның тозуы 2021 жылы 65,5% құраған болса, 2023 жылы көрсеткіш 59,9% құрады. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін станцияның тозуы 57%-ға  дейін төмендетіледі деп күтілуде.