«БАЙТАҚТЫҢ» 18 ҮМІТКЕРДЕН ТҰРАТЫН ПАРТИЯЛЫҚ ТІЗІМІ ТІРКЕЛДІ
Орталық сайлау комиссиясы Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының Мәжіліс депутаттығына кандидаттарының партиялық тізімін тіркеді.
«Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы 18 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынды. Бұл тізімдегі 7 кандидат әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Олар кандидаттардың жалпы санының 38,9 пайызын құрайды. Орталық сайлау комиссиясы өкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция мен «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді. Партиялық тізімге енгізілген барлық адам Конституцияның және «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді», — деді ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина.
Оның атап өтуінше, партиялық тізімді ұсынған партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін ҚР заңнасында белгіленген ең төменгі жалақының 15 еселенген мөлшерінде ОСК шотына саяси партиялардың қаражатынан сайлау жарнасын енгізеді.
«2021 жылғы қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына «Байтақ» партиясы қатысқан жоқ. Осыған байланысты «Байтақ» партиясы 19 адамға 18 млн 900 мың теңге сайлау жарнасын толық төледі», — деді ол.
Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы қоғамдық бірлестігінен Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттардың ҚР Конституциясында және «Сайлау туралы» Конституциялық заңда оларға қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау туралы, «Байтақ» партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы хаттамаға қол қойды.
Естеріңізге сала кетейік, «Байтақ» жасылдар партиясы сайлауға ұсынған 24 кандидаттың тізімімен мына сілтемеде ( https://www.inform.kz/kz/baytaq-zhasyldar-partiyasy-saylauga-24-kandidat-usyndy_a4031252) таныса аласыз.