ШАҺАРДА  ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ  ҚАРҚЫН АЛДЫ

176

Биыл Шымкент қаласын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешімін табады. Ол үшін биыл қаладағы 5 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүріп, жыл соңына дейін ақталады. Нәтижесінде 72 мыңнан астам адам орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болады.

Бұл туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына арнап өткізілген баспасөз туры барысында Шымкент қаласы әкімдігі энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Арман Әбдіқалықов мәлімдеді.

Ауыз су құбыры тартылып жатқан елді мекендердің бірі – Қайнарбұлақ. Бұл жерде бүгінде ауыз су кесте бойынша сағаттап берілде.

–Қайнарбұлақ елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 6,7 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде өткен жылы 2,9 миллиард теңге игерілген болса, биылғы жылға 3,8 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға жалпы ұзындығы 329,8 шақырымды құрайтын ауыз су жүйелері жүргізіледі. Қазіргі таңда мердігер мекеме – «Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысты қарқынды түрде жүргізіп жатыр. Бүгінге дейін 155 шақырым құбыр тартылып үлгерген. Яғни, жұмыстың шамамен 47 пайызы орындалды деген сөз. Биылғы жылдың төртінші тоқсанына қарай жұмысты толық аяқтау жоспарланған, – деді Арман Әбдімүтәліұлы.

Мұнан кейін журналистер Қайнарбұлақтағы электр желілерінің құрылысымен де танысты.

–Электр қуаты бойынша Қайнарбұлақ тұрғын алабында құрылыс-монтаж жұмыстары 95 пайызға аяқталды. 2023 жылдың маусым айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Құрылыс жұмыстарын жүргізуші мердігер мекеме «А.МЕРЕЙ И К» ЖШС-і осы уақытқа дейін ұзындығы 68,6 шақырымдық электр жүйелерін жүргізген. Жоспар бойынша 2023 жылы маусым айында  2 760 абонент электр қуатымен қамтылатын болады, –деді Арман Әбдіқалықов.

Мұнан кейін БАҚ өкілдері Нұртас шағын ауданындағы кәріз жүйелерінің құрылысымен де танысты. 18 мыңға жуық халқы бар шағын ауданды орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу үшін жалпы ұзындығы 62,6 шақырым құбыр жүргізіп жатыр.

–Қазіргі таңда Шымкенттегі 81 шағын ауданның 24-і немесе 713,5 мың адам кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Қалған 57 шағын аудан кәрізбен қамтылмаған. 2023 жылы 11 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджеттен 4,8 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 2 магистралды кәріз коллекторының және 9 ішкі орамдық жүйенің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл жыл қорытындысымен 6 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде 60 мыңға жуық адам орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Бұл қамту көрсеткішін 60 пайыздан 75 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік береді, – деді басқарма басшысының орынбасары.