ТӨЛЕБИЛІК ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ МЕРЕКЕ АЯСЫНДА БІРҚАТАР ІС-ШАРАЛАР ӨТКІЗДІ

93

Төлеби ауданында полиция қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында, шағын футболдан жарыс өткізілді. Тартысты ойынға 7 команда қатысты. Нәтижесінде I-орынды жергілікті полиция бөлімшесінің қызметкерлері, ІІ-орынды тергеу бөлімшесі, ІІІ-орынды әкімшілік полиция қызметі иеленді. Жеңімпаздарға диплом, кубок, медаль және бағалы сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ Төлеби аудандық мәдениет үйінде полицейлер, музей қызметкерлері, кітапханасы ұжымы мен Леңгір қалалық Ш.Уәлиханов атындағы №2 жалпы орта мектебінің оқушылары, ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Абдукаимов, Ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен Жеңіс мерекесіне арналған кездесу өтті.

Ал Төлеби аудандық полиция бөлімінің мәжіліс залында Ішкі істер органдарының ардагерлері мен жеке құрамды марапаттау іс-шарасы өткізілді. Қызмет бабында қаза болған милиция капитаны О.Шаңбаевтың отбасына барып зайыбымен кездесіп, бағалы сыйлық пен гүл шоғы табыс етілді.

Бұдан бөлек, Төлеби аудандық полиция бөлімі қызметкерлері №7 ІТ мектеп-лицейінде Ұлы Отан соғысына қатысушылардың ерліктері туралы баяндамалар жасап, Ішкі істер органдары қызметкерлерінің арнайы құралдары мен қызметін таныстырып шықты.