МЕРГЕНДЕРДІҢ БОЛАШАҚҚА БАҒЫТТАЛҒАН ТАРИХ ЖАЙЛЫ ТАҒЫЛЫМЫ

161

Қарағанды гарнизонының әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері Мария Ефимовна Шинкевичті Жеңіс күнімен құттықтады.

Олармен бірге Арменияда өткен «Достастық жауынгері-2021» жарысында үздік мерген атанған Толқын Бәкіжанова да барды.

Мария Ефимовна 1944 жылы сәуірде Осакаров ауданынан әскерге аттанған. Мәскеудегі мергендер мектебінде оқыған ол 220-шы атқыштар дивизиясы 199-шы полкінің құрамында соғысқан. Жеңіс күнін мерген Прагада қарсы алды.

– Мария Ефимовна сынды сұрапыл соғыс тәжірибесі бар мергенмен танысуға өте қызықтым. Бұл кездесуден алғаным көп. Оның батылдығына тағзым етемін. Ерік-жігеріне таңдандым, – деді аға сержант Толқын Бәкіжанова.

Мария Ефимовна Шинкевич «Ерлігі үшін», «Украинаны азат еткені үшін»,  «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және басқа да медальдермен марапатталған.

Мергендік шеберліктің құпияларымен бөлісе отырып, Мария Ефимовна әскери қызметшілерге көрсеткен ықыласы үшін шын жүректен ризашылығын білдіріп, Отанды қорғау жолындағы игі істе табыс тіледі.