ЖАУЖҮРЕК ЖАУЫНГЕР
1941 жылдың 22 маусымында басталып, үздіксіз 5 жылға созылған сұрапыл соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты. Елімізден майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгер болса соның ішінде Түркістан топырағынан өрімдей 18 547 жас буын жеңіс үшін жөнелген болатын. Ал 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Елдігі үшін ерлігін көрсеткен батырлар халық жүрегінде мәңгі сақталып келеді.
Айбынды білек, жеңістеріне сенімді ыстық жүректері мен қайрат күштерін көрсеткен кешегі жігіттер, бүгінгі өнегелі аталарымыздың арқасында 1945 жылдың 9 мамыр күні Ұлы мейрам ретінде ұрпақ жадында жазылып келеді. Миллиондаған адамдар төрт жыл бойы бұл жеңісті минуттап, сағаттап сарыла күтті. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ Кеңес халқы жан-тәнімен Отанын қорғады. Неміс басқыншыларымен Кеңес азаматтары аянбай шайқасуының арқасында ақыры олардың үміті мен сенімі ақталып армандары орындалды. Бірақ ол Жеңіс оңайлықпен келген жоқ екені бәрімізге белгілі. Жеңіс жолында да Отан үшін от кешіп миллиондаған асыл азаматтар мерт болды. Жауымен жан аямай шайқасып, ерліктің ерен үлгілерін көрсеткен сондай азаматтардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері – Мүбәраков Құрбанай.
Ешкім де, ешнәрсе де оңайлықпен ұмытылмақ емес! Сол қанды кезеңді еске түсіріп, елестететін газет-журнал материалдары немесе радио, телехабарлар, кинолар аталар ерлігін мақтаныш тұта жас өскін ұрпаққа жеткізді. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, ешнәрсе ұмытылған жоқ.
Мүбәраков Құрбанай 1923 жылы дүниеге келген. Жастайынан еңбекке ерте араласқан ол Локоматив депосында слесарь болып жұмыс істейді. Соғыс қаупі төнген шақта атамыз небәрі 19 жаста болатын. Елі үшін жанын қиған батыр соғысқа аттанып, І – Украина майданында жаумен шайқасады. Соғыс аяқталған тұста оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, туған жер топырағына аман оралған ардагеріміз өздері қорғап, қамқор болған арттағы қалың еліне қамығып жеткен Жеңіс күнін де қоса алып келді.
Құрбанай Мүбәраков ІІ – дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, сонымен қоса бірнеше медальдармен наградталған. Жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар, апалар ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігімізге мәңгі шуағын шашып тұрғандай.
Мақпал МАРҚАБАЙ