НӘЗІК ЖАНДЫ ПОЛИЦИЯ ЛЕЙТЕНАНТЫ

200

Қоғам тыныштығын сақтауда полиция қызметкерлерінің алар орны ерекше. Ал, бұл мамандық иелерінің арасында қыз-келіншектердің де кездесіп, жемісті қызмет атқаруы қазақ қыздарының батырлығы мен қайсарлығын көрсетеді. Сондай нәзік жандылардың бірі, Отырар аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция лейтенанты Зүбайра Надирова.

Ер азаматтармен күндіз-түні бір сапта жүріп, қоғам тыныштығын сақтауда, оның ішінде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауды басты мақсат етіп қойған Зүбайра бұл қызметке 2018 жылы кірісті. Жастайынан форма киіп полиция қызметкерлерінің сыртқы келбетіне қызығатын. Ата-анасының айтуымен 2008 жылы педагогика саласына оқуға түсті. 2013 жылы аталған саланы ойдағыдай бітіріп шықты. Сол жылы өмірлік жары, Отырар аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің патрульдік полиция тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Рахымжан Ниязбекұлымен танысып, отау құрды. Педагог әрі заңгер мамандығын иеленген Зүбайра Абылайқызы отағасы мен ата-ене, бауырларының қолдауымен 2018 жылы Отырар аудандық полиция бөліміне қызметке кірісті. Жақындары арасынан «Әйел затысың, мінезің қатайып кетеді. Бұл қызмет тек ер азаматтарға ғана тән» деушілерде табылды. Бірақ өз қалауына ерік беріп, қоғамда қиыншылық көріп жүрген әйелдер мен балаларға кішкене болса да қол ұшын беріп, оларды қорғауды басты міндет етіп қойған лейтенант ештеңеге қарамай қызметке кірісті.

Қызметте жүріп өзінің еңбексүйгіштігі мен осы салаға деген қызығушылығын көрсете білген Зүбайра сол жылы кіші сержант шенін алды. Атқарған қызметтердің арқасында 2021 жылы лейтенант шенін алды. Қызметте көзге түсіп аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Е.Өсербаевтың, аудан әкімі С.Сұлтанхановтың алғыс хаттарымен марапатталды. Бала кездегі арманына қол жеткізген лейтенант, ары қарай жұмысты белсенділікпен атқарып келеді.

«Біздің дамыған қоғамда тұратынымызға қарамастан, әрбір отбасыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Әсіресе ауылды жерлерде әйелдер жағы мұндай жағдайларды ашық айта бермейді. Сондықтан қиын отбасыларын бақылауда ұстап, оларды қадағалап отыру біздің басты міндетіміз. Осы қызметке келіп түсінгенім, қанша адаммен жұмыс істесең, әрқайсысының көзқарасы, түсініктері әртүрлі болады екен» дейді қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауда халықпен етене араласып, тығыз байланыс орнатып жүрген Зүбайра Абылайқызы. Сонымен қатар ішкі істер саласында қызмет еткен бес жылда көптеген отбасы мүшелерінің зорлық-зомбылықтан арылып, тату-тәтті өмір сүруіне септігін тигізді. Халықтың бірлігі мен тұтастығын сақтауда ер азаматтармен бірге сапта тұру әйел заты үшін оңай шаруа емес екені анық. Отбасы мен қызметті қатар алып жүрген қос полицей бүгінде үш бала тәрбиелеп отырған үлгілі ата-ана. Ел тыныштығын сақтауда аянбай қызмет атқарып жүрген нәзік жандылардың қызметтеріне сәттіліктер тілейміз.