ХАЛҚЫМЫЗ «БІРЛІК БАР ЖЕРДЕ ТІРЛІК БАР» ДЕП БЕКЕР АЙТПАҒАН ҒОЙ.

350

Саялы Сарыағашта 2003 жылы ашылған «Арыстанбаб» колледжі әуелі гуманитарлық бағытта маман дайындауға кіріскенімен, өңір қажеттілігіне қарай 2006 жылдан бастап медициналық мамандықтар бойынша, атап айтсақ, емдеу ісі, мейірбике ісі, фармацевтика саласында оқытуды қолға алды. Содан бергі уақытта 12 мыңға жуық студентті қанаттандырып, үлкен өмірге жолдаған екен. 2012 жылдан іргелі, мемлекеттік аттестация, аккредитациялардан сүрінбей өткен оқу орны ретінде, мемлекеттік тапсырыс, яғни қоғамға зәру мамандарды грантпен оқыту бағдарламаларына да қатысып, сеніп тапсырылған – мектепке дейінгі тәрбие мекемелеріне балабақша тәрбиешілерін, дамудың барлық саласын цифрландыруға байланысты бағдарламалық қамтамасыз ету мамандарын оқытуда міндет үдесінен шығып келеді.

Үлкен үмітпен, бар арман-мақсаттарын арқалай келген әр студенттің толыққанды білім алуын талапқа сай ұйымдастыру – оқу орнының ең басты шаруасы. Оны еңсеруде колледж Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен білім беру стандарттарын басшылыққа ала отырып, оқытудың озық технологияларын әр кез игеруден жалыққан емес. Сапа менеджменті жүйесі енгізілген. Сонымен қатар, дәл қазіргі – ақпараттың ағылған, қоғамның қарқынды дамыған заманында әр сабақты айналамызда болып жатқан жаңалықтармен байланыстыра, берілген білімнің күнделікті өмірде пайдасы тиетіндей болуы үшін, оқу үрдісі қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілді. Оқу кабинеттерінің жабдықталуына жіті көңіл бөлініп, сабақта компьютер, интерактивті тақта, интернет желісі, сурет пен видеоға түсіру құралдарын пайдалануға жағдай жасалды. Лингафонды кабинет, радиоторап жұмыс істейді.

Медициналық бөлім студенттерінің саны жылдан-жылға артуына байланысты, бөлімнің оқу үрдісіне қажетті құрал-жабдықтар алынып, арнайы үш қабатты оқу корпусы тұрғызылды, дәріс аудиториялары, лабораториялар, зертханалық кабинеттер жасақталды. Бұрынғы оқу ғимараты да ұлғайтылып, дәрісханалар көбейді.

Білім ошағының түрлі жиындар мен мерекелік шаралар толассыз өтіп жататын 200 орындық акт залы, талапқа сай кітапханасы бар. Кітапханадағы оқырман залы 60 орындық, оның 12-сіне интернет желісіне қосылған компьютер қойылған. Жалпы кітап қоры – 47775, әдеби кітап саны — 3520, электрондық қор — 747 дана. Жылда жаңа кітап, оқулықтар аламыз. «Калибри» электрондық кітапхана қоры да ұдайы толықтырылады.

Колледж ауласында сырты көз тартатын, іші мұнтаздай таза асхана жұмыс істеп тұр.

Жастарды ғылымға баулу үшін, әр жылдары облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіп, студенттері қаншама рет облыстық, республикалық жиындарда ғылыми жобаларын қорғап, жүлделі орындарды жеңіп алды. Сол сияқты, спорт пен өнер жарыстарында да ылғи топ жарды. Бүгінгі күні Сарыағаш аумағында, басқа өңірлерде де «Арыстанбаб» колледжін бітірген студенттер елге қызмет етіп жүр. Бұл, әрине, көңілге қуаныш ұялатады, іске серпін береді. Еңбектің нәтижесі деген, «еңбек бар жерде өнбек бар» деген осы шығар.

Оқу орны 2018 жылы Қазақстандағы «100 үздік колледж» құрамына кірсе, 2019 жылы «жоғары колледж» мәртебесін де алды.

2019 жылы заманауи үлгідегі 100 орындық жатақхана салынды. Жатақхананың ішкі-сыртқы жабдығы түгел. Екі қабатты нысанның әр бөлмесі төрт адамға арналған, қажетті жиһаздары, жуынатын бөлмесі, асханасы бар, «Калибри» электрондық кітапханасымен де қамтылған.

Колледж әлеуметтік жауапкершілікті назардан тыс қалдырған емес: студенттердің жағдайы жіті зерттеліп, тұрмысы төмен отбасы балаларының оқуақысына жеңілдік жасалады: біріне 100, енді біріне 50 пайыз, комиссия шешіміне байланысты. Мәселен, өткен жылдарда ата-анасынан бірдей айырылған және түрлі себептерге байланысты тегін оқыған балалар саны жүзге жуық екен. Одан басқа тұрмысының төмендігіне байланысты 30 не 50 пайыз жеңілдікпен оқытылатын балалар саны жылына 10-15-ті құрайды.

Бүгінде колледждегі оқу-тәрбие үрдісін 70 оқытушы жүргізсе, оның 93%-ын штаттағы оқытушылар құрайды. Ұстаздардың дені жоғары, бірінші санатты. 12 оқытушы магистратура бітірген. Штаттан тыс оқытушылар, негізінен, медицина саласында дәріс береді, олардың да дәрігерлік санаттары бар. Сабақ 100% мемлекеттік тілде өтеді.

Оқу орнының алғашқы қадамдарынан бастап аяққа тұрып кетуіне өлшеусіз еңбегін сіңірген, өкініштісі – бүгінде көз жазып қалған қадірлі ағалар: техника ғылымдарының кандидаты Сапарғали Ханазаров, экономика ғылымдарының кандидаты Сейдахмет Әдігеев, медицина ғылымдарының кандидаты Батырхан Жүніс, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Исабай Мерзаахмедов, химия ғылымдарының кандидаты Темірхан Омаров, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Жорабек Әбдіқадыров сынды ғалымдарды сағынышпен еске алады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Әбет Досахметов, педагогика ғылымдарының кандидаты Құралай Жүсіпова, педагогика ғылымдарының кандидаты Ұлжалғас Темірова, тарих ғылымдарының кандидаты Жұлдыз Уәлиханованың дәріс бергеніне дән риза.

Сонымен, «Арыстанбаб» жоғары колледжіне биыл 20 жыл толды. 20 жылдыққа байланысты және колледж құрылтайшысы, биология ғылымдарының кандидаты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Арслан Арынұлы Асановтың 70 жылдығына орай ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік конференция мен мерекелік думан 26 сәуір күні Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде өтті.

Айтулы күнгі салтанатты алты алаштың ардақтысы, әлемге мәшһүр аңыз адам Мұхтар Шаханов пен Сарыағаш ауданының әкімі Арман Айдарұлы Абдуллаев ашып, ғылыми конференцияның пленарлық мәжілісінде «Микробиология және вирусология» ғылыми өндірістік орталығының бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы ғылым және техника саласы бойынша мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің және мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте иегері, биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Аманкелді Құрбанұлы Саданов «Микробиология және вирусология ғылымдарының өндірістегі жетістіктері»; медициналық «Үздіксіз кәсіби дамыту орталығы» мен «Өркенмед» ЖШС Remedy медициналық орталығының директоры, фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Бауыржан Қалжанұлы Махатов «Халық емшілігінде қолданылатын дәрілік өсімдіктерді зерттеу»; Ресей Федерациясы ВІМ (Building Information Modeling) – мамандардың кәсіби деңгейін шыңдайтын оқу-кеңес беру орталығының жоба жетекшісі, Ресей мемлекетінің ВІМ академиясының вице-президенті, Новосібір қаласындағы ғылыми академиялық қалашықтың зерттеу орталығының сарапшы-зерттеушісі, 9 авторлық куәлік, 12 жаңаша-тиімді пайдалану ұсыныстарының иегері, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, оқытушы-зерттеуші Әділ Сағынбекұлы Несіпбаев «ВІМ технологиясы, ақпараттық модельдеу – қоғамдағы жаңа өріс» тақырыптарында баяндама оқыды.

Мерейтойдың екінші бөлімі — мерекелік концертте ән-биден шашу шашып, күйін төккен Шәмші Қалдаяқов атындағы Шымкент филармониясының өнерпаздары мен «Сүгір» оркестрі көптің ыстық ықыласына, дуылдата қол соққан зор қошеметіне бөленді.

Мерекелік думанда композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі; Түркістан облыстық мәслихаты депутаты Алмас Салимов; ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Мәлік Шалменов; педагогика ғылымдарының кандидаты Рауан Бегалиева; Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы мен еңбек ардагері Пердехан Жаппарқұлов жылы лебіздерін білдірді. Колледжге еңбегі сіңген ұстаздар мен оқу орны қызметкерлеріне мерекелік медаль табысталды. Жүрекжарды тілектер ел ағалары мен алыс-жақын ағайын, сыйлас дос-әріптестердің құттықтау сөздерімен түскі ас үстінде жалғасты.

Түстен кейін ғылыми-тәжірибелік конференцияның үш: педагогикалық, медициналық, ІТ бағыттары бойынша секциялық отырыстары «Арыстанбаб» колледжінің оқу ғимаратында өтті.

Негізі, кез келген білім ордасының әр күнгі тірлігі хатқа түссе жырға айналатыны сөзсіз. Ал жиырма жылғы жұмыс таңды-таңға ұрып жырлайтын қиссадан да асып кетсе керек.

Ендеше, әңгімеміздің әлқиссасында айтылған — атадан қалған асыл сөздің мәнін аңғарсақ керек. Расында да, жиырма жыл ішінде тақыр жерден жұмыс бастаған «Арыстанбаб» колледжі бүгінгі биігіне ұжым бірлігінің, басшының адамгершілігі арқасында жетті. Иә, береке – бірлікте, ырыс – ынтымақта!

Базаркүл ОРАЗБЕКҚЫЗЫ