ӘЛЕУМЕТТІК КОДЕКС: ЖЕТІ МИЛЛИОН ОТБАСЫНЫҢ ҚАМЫН ЖЕЙТІН ҚҰЖАТ

207

Жаңа Әлеуметтік Кодекстің ең үлкен жаңалығының бірі – атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа тәртібі мен ережесі. Ендігі жерде мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек кедейліктің салдарын жоюға ғана бағытталмай, ол алдымен әлеуметтік тәуекелдердің алдын алатын атаулы шара ретінде қарастырылады. Мұндай парадигманы жүзеге асыру үшін кедейлік шегін есептеудің жаңа тәсілі енгізілмек.
Республикада ең төменгі күнкөріс деңгейі 2023 жылы – 40 567 теңгені құрайды. Мамандардың айтуынша, ең төменгі күнкөріс деңгейі екі бөліктен тұрады: азық-түлік бөлігінің үлесі – 55 пайыз және 43 түрлі өнім бағасына тәуелді. Ал, азық-түліктік емес бөлігінің үлесі – 45 пайыз, оған халық кең тұтынатын тауарлар мен қызметтер кіреді. Бүгінде осы күнкөріс минимумының 70 пайызы кедейлік шегі ретінде белгіленген. Яғни, Қазақстанда кедейлік шегі 28 396 теңгені құрайды. Егер отбасының табысы жан басына шаққанда осы соммадан асып кетсе, ондай отбасы атаулы әлеуметтік көмекке үміткер бола алмайды.
Сарапшылар да, қарапайым азаматтар да кедейлік шегін есептеудің мұндай тәсілі дұрыс емес деп санайды. 2022 жыл қорытындысында Қазақстанда инфляция рекордтық 20,3 пайызға жеткенін және ресми деректердің өзі азық-түлік тауарларының бағасы кем дегенде 25,3 пайызға, өзге тауарлардың құны 19,4 пайызға, ал, ақылы қызметтер 14,1 пайызға өскенін ескерсек, көпшіліктің наразылығы орынды секілді. Әйтпесе, жан-басына шаққанда 35-40 мың теңге табысы бар отбасыны кедей емес деп айтуға кімнің аузы барады?!
Міне, қоғамда әбден пісіп-жетілген осы мәселені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де ескерген сыңайлы. Әлеуметтік Кодексте халықтың орташа-медианды табысы деген ұғым енгізіліп отыр. Егер ең төменгі күнкөріс деңгейіне физиологиялық қалпына келуін қамтамасыз ететін болса, медиандық табыс – жалпы халықтың нақты тұтынушылық шығындарын жабатын көрсеткіш. Яғни, ол ең төменгі күнкөріс деңгейінен әлдеқайда жоғары деген сөз.
Әлеуметтік Кодексте қамтылған нормаларға сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы кедейлік шегі қазіргідей ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына емес, халықтың медианды-орташа табысының 50 пайызына тең деп белгіленеді. Сарапшылар бұл механизм қазақстандықтардың көбірек бөлігінің мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, атаулы әлеуметтік көмек алуына жол ашады деп есептейді.

Б.Нарбекова — Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы