АТА КӘСІПТІ ЖАҢҒЫРТҚАН КӘСІПКЕР

195

«Бастау Бизнес» жобасына қатысып, грант алған шымкенттік Есенгүл Жанпейісованың кәсібі өзгелерге ұқсамайды. Ол Шымқалада ата кәсіпті жаңғыртып жүрген бірден бір кәсіп иесі. Жылқы майын ерітіп, оны емдік мақсатта пайдалануда кәсіптің көзіне айналдыра білген Есенгүл ханым туралы тарқатып айтсақ.

Төрт түліктің ішінде жылқының қасиетін тауысып айту мүмкін емес. Оның еті, сүті, майы да адам денсаулығына пайдалы. Газетіміздің бүгінгі кейіпкері халыққа не ұсыну керектігін нарықта алдын ала жақсы зерттеген секілді. Есенгүл ханым кәсіптің бұл түріне келу жолын былай баяндады:
–Жылқы майы нағыз энергияның көзі және ол тағамның ағзаға жылдам сіңуіне септігін тигізеді екен. Мен мұны нутрициолог мамандардан білдім. Содан, күнделікті тағамымды ерітілген жылқының майымен дайындайтын болдым. Үйге келген қонақтар мен пісірген тағамның дәмді екенін айтып, рецептін сұрай бастады. Бар-жоғы жылқы майын қосқанымды айтқан едім, оларға ұнаған сияқты, тапсырыс бере бастады. Араға уақыт сала тапсырыс көлемі артып, тұрақты тұтынушыларым көбейді. Осылайша, саудаға деген қызығушылығым артты. Тұтынушылар көбейе бастаған соң, майды ерітетін үлкен ыдыстар керек болды. Өз қолымызда қаржы болмағандықтан бизнес-идеямды ұсынып, «Бастау бизнес» жобасына қатыстым. Мемлекеттен бөлінген қаржыға 37 литрден екеу, 60 литрден біреу, 160 литрден бір ыдыс сатып алдым. Май еріткенге газ плита, еттартқыш, ыдыс жуатын машина, тоңазытқыш алдым, – дейді кейіпкеріміз.
Есенгүл Жанпейісованың айтуынша, бұл май тағамды дәмді етіп қана қоймайды, денсаулыққа пайдасы орасан. Кәсіпкеріміздің өт жолдары мазалап жүргенде, жылқы майы көмектескен екен.
–Ерте кезден жылқының майын емге қолданған. Өкпесі ауырған адам жылқы майын шикідей аз-аздап жейді. Тұмау болған жағдайда, семіз құлын немесе тайдың жүрек майын ерітіп, аш қарынға ішкізеді. Жарық (грыжа) ауруын қазақтар қатты қыздырған жылқы майын жағып емдейтін болған. Айта берсең пайдасы көп. Өзім осы өнімді пайдаланғалы бері ағзам қалыпқа келіп, өт жолдары мазаламайтын болды. Бұл майдың кәдімгі күнделікті қолданатын өсімдік майынан айырмашылығы тоңбайды, — дейді Есенгүл Жанпейісова.
Қазіргі таңда елімізде немесе Шымкентте болсын әйелдер қауымы кәсіпкерлікте үлкен жетістіктерге жетіп, ел экономикасының дамуына үлес қосуда. Есенгүл ханым ды солардың қатарынан көруге болады. 2021 жылдан бері осы саланың басында жүрген кәсіпкеріміздің жұмыс күнімен таныстық.
–Алдымен шикі майды жылқы соятын қасапшыдан сатып аламыз. Бір барғанда 200 келідей майды көтеріп келеміз. Оны бір күнге тоңазытқышқа сақтау маңызды. Ертесіне ыдысқа жартылай салып, суға 2 сағаттай қайнатамыз. Қайнаған кезде майдан қан аралас қойыртпақ шығады. Оны міндетті түрде тазалау керек. Осыдан кейін тоңазытқышқа қайтадан саламыз. Сол кезде май қатады. Қатқан майды балтамен ұсақтап шауып, еттарқыштан өткіземіз. Одан кейінгі ыдыста ерітіледі. Тұнба сүзіледі. Май тоңазығанша бір тәулік тұрады. Дайын өнімді бөтелкеге құйып, сатылымға шығарамыз, – дейді кәсіпкер.
Осы тұрғыда нутрициолог Аида Мұхтарқызының кеңесін тыңдап көрдік. Оның айтуынша, күнделікті тұрмысқа қолданып жүрген күнбағыс майының құрамындағы Omega-6 қышқылы адам ағзасына зиянды көрінеді.
–Қазіргі уақытта дүкендерде тұрған өсімдік майлардың құрамында пайдалы заттар өте аз. Жалпы сұйық май шыны ыдыста сақталуы керек. Өкінішке орай, қазіргі уақытта дүкендерден бұл майдың шыны ыдыста тұрғанын көрмейміз. Пластик ыдыста тұрғандықтан олардан «Бисфенол А» деген улы зат бөлінеді. Бұл өз кезегінде ауруды қабындырады және онкологиялық ауруларды тудырады,– дейді нутрициолог-маман.
Маман жылқы майының құрамын былай таразылады.
–Жылқының майы жоғары температураға тұрақсыз. Ол тез еріп кетеді. Сондықтан қанықпаған ерітіндіге жатады және линол қышқылына бай. Жылқы майын тамақты бұқтырғанда немесе пешке салып пісіретін тәттілерге қолдануға болады, – дейді Аида Мұхтарқызы.