«ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМ ИЕСІ»
Қаламыздың әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми әмбебап кітапханасында көрнекті қаламгер Шойбек Орынбайдың мерейлі 70 жасқа толуына орай «Қарымды қалам иесі» тақырыбында автормен кездесу кеші өтті.
«Қазақ әдебиетіне XX ғасырдың 90-шы жылдары келген мықтының бірі Шойбек Орынбаев» деп қаламгерлік дарынын классик жазушы Шерхан Мұртазаның өзі айрықша жоғары бағалаған сүлей суреткердің мерейтойлық кешіне қонақтар еліміздің түкпір-түкпірінен келді.
Драматург, жазушы Сая Қасымбек тізгінін ұстаған кеш барысында қазақ әдебиетіне көптеген сүбелі еңбектер сыйлаған қарымды қаламгермен еркін сыр-сұхбат жүргізілді. Сондай-ақ, жазушының мерейтойлық кешіне алыстан арнайы ат басын бұрып келген қонақтар мен қаламыздың зиялы қауым өкілдері қаламгер замандастары жайлы толғанысқа толы пікірлерін білдіріп, естеліктерімен бөлісті. Қазақстанның Құрметті журналисті Слам Нұрмағанбетов жазушылық талантымен талайды таңдандырған қаламгердің өмірінен жылы естеліктер айтып, шығармашылығы жайында құнды пікірлер айтты.
–Шойбек Орынбаймен қызметте қатар жүрген кезімізде бұл кісінің қаламының қуатты екенін баршамыз білдік. Бірақ біздің жанымызда тек қана қаламы қуатты, ойы жүйрік жазушы ғана емес шын мәніндегі классик жүргенін байқамаппыз. Кейіннен Төле би жайында жазған туындалырын оқып таңдандық. Ерекше сүйсінді, — дейді ардагер журналист.
Қазақ әдебиетінің қоржынына детективтік шығармаларымен де олжа салған қаламгердің өмірі мен шығармашылығы мол әңгімеленген кеште жазушының көпшілікке беймәлім қаламгер сырлары айтылды.
– Қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін қалаған жанның бірі жазушы Кемел Тоқаев болатын. Сол кісінің 70-жылдық мерейтойының қарсаңында кенжелеп қалған детектив жанрын қайта дамытуды мақсат еткен жабық түрдегі жарыс ұйымдастырылды. Сол жарысқа мен де қатысып, жеңімпаз болдым. Кемел Тоқаев атындағы сыйлықты алғанда қырық жаста едім, ал бүгін мен де жетпіске жетіппін — деді мерейтойлық кештің иесі Шойбек Орынбай.
Оңтүстік өлкесінен шығып, қазақ әдебиетінің қадау қаламгеріне айналған жазушының мерейтойлық кешіне белгілі композитор Құралай Сәтмұхамбетова да қатысып, авторлық әндерін шырқап, кеш көрігін қыздырды.
Айта кетейік, қарымды қаламгер Шойбек Орынбай Сарыағаш ауданы «Жібек жолы» ауылының тумасы. Оның қаламынан «Өмір деген осындай», «Тозаңды терезе», «Сыңарқұлақ», «Сана», «Шапағат пен мейірім», «Әміршінің әлегі», «Қара азбанның қателігі» және «Қайғы заман немесе Төле би тағдыры» сынды көптеген классикалық шығармалар туған.