ЕШКІМ МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚОЛДАУЫНАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

158

Әділеттілікті қамтамасыз ету – мемлекеттің ең басты миссиясы. Мемлекеттің өзі қоғамда әділдік орнауы үшін ғана бар. Яғни, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға Қазақстан азаматтары теңдей қол жеткізе білуі тиіс. Ол үшін мемлекеттің тиісті органдарының қолында әрбір азамат, әрбір отбасы жөнінде, олардың әлеуметтік жағдай, денсаулығы, жасы, жұмыспен қамтылуы, табысы секілді деректердің бәрі болуы тиіс. Міне, сондықтан Кодекстің тағы бір елеулі жаңалығы – Отбасының цифрлық картасы немесе еліміздегі отбасылардың дербес дерекқоры. Бұл дерекқор мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық жүйелері негізінде қалыптастырылады.
Бұл жүйенің маңыздылығы жөнінде Шымкент қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында:
–Отбасының цифрлық картасы, біріншіден, қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне теңдей қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Яғни, мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шараларын қарастыруға мүмкіндік алады. Екіншіден, карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік санатына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы қызметін атқаратын болады.Үшіншіден, мемлекеттік қолдауды проактивті форматта жүргізу көзделген. Яғни азаматтарға әлеуметтік төлемдер мен көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделіп тағайындалады. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылады, — деп жазған басқарма басшысы.

Балмаржан Полатқызының мәлімдеуінше, Шымкент қаласында 2023 жылдың қаңтар айынан бастап әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтердің 10 түрін көрсету бойынша тұрғындарға 59 мыңнан астам СМС-хабарлама жолданып, 38 200 адамға төлемдер тағайындалған. Оның ішінде 5 600-і проактивті форматта жүзеге асырылыпты.
Айта кетейік, цифрлық картадан көп балалы отбасылардың түрлі әлеуметтік сын-қатерге тап болуы ықтималдығы жоғары екендігі анықталған. Сондықтан мемлекет балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы жүйесін сақтай отырып, балаларды қорғаудың қосымша атаулы шараларын енгізуді жоспарлауда.

Әлеуметтік қызметтің жан басына шаққандағы нормативі енгізіледі

Кодекстің үшінші жаңалығы – Қазақстандағы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін түпкілікті трансфомациялау. Бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арнаулы әлеуметтік қызметтерді ешқандай кедергісіз әрі жеткілікті мөлшерде алуына жол ашуы тиіс. Ол үшін бірқатар өзгерістер енгізілмекші.
Біріншіден, арнаулы әлеуметтік қызметтердің жан басына шаққандағы нормативі енгізіледі. Оның мөлшері қызметтер үшін жеке норматив, ал компенсаторлық техникалық құралдар үшін шектеулі бағалар түрінде жіктелмек.
Мамандар бұл өзгерістер бір жағынан, кейбір қызмет немесе тауар түрлерін алдағы уақытта монетизациялауға алып келетінін, ал, екінші жағынан, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге жеке секторды көбірек тартудың есебінен саланың инфрақұрылымын дамыта түсуге жол ашылатынын айтады.
Тағы бір өзгеріс – бұл мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін барынша көбірек тарту көзделген. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде ресімделуіне болады. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады. Осылайша, отбасының еңбек жасындағы жұмыссыз мүшелері қызметке орналасады.
Мұнан бөлек Әлеуметтік Кодексте еліміздегі зейнетақы жинақтаушы жүйесі мен әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамытуға бағытталған шаралар да көзделген. Мәселен, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалдамалы жұмысшыларға жұмыс берушінің есебінен қосымша 5 пайыздық зейнетақы жарнасы аударылады. Ал, жұмысынан айырылған жұмысшыларға 6 ай бойына бұрынғы жалақысының 45 пайызы көлемінде өтемақы төленеді.
Жалпы, Кодексте Қазақстандағы 7 миллионға жуық отбасын 4 топқа бөліп қарастырған екен. Олар: әлеуметтік жағдайы жақсы отбасылар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, дағдарыстық жағдайдағы отбасылар және шұғыл жағдайдағы отбасылар. Мемлекет дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы отбасылардың әлеуметтік жағдайын оңалтуға, ал, өзге 2 топтағы отбасылардың әлеуметтік қатерге тап болып, жағдайының төмендеп кетпеуіне қажетті шараларды атқарады. Яғни, қортындылап айтқанда, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Әлеуметтік Кодексті еліміздегі 7 миллион отбасының қамын жейтін құжат деп айтуға толық негіз бар.