ӘЛЕУМЕТТІК КОДЕКС: ЖЕТІ МИЛЛИОН ОТБАСЫНЫҢ ҚАМЫН ЖЕЙТІН ҚҰЖАТ

237

Қазақстан әрқашан өзін әлеуметтік бағдарлы мемлекет ретінде танытып келгені баршаға аян. Табысы төмен азаматтарды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар мен асыраушысынан айырылғандарды, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жан-жақты қолдау – әр уақытта мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып келеді.

Осы орайда, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Қазақстан мен әділетті қоғам орнату бағытындағы ауқымды реформаларының маңызды бағыттарының бірі – жаңа әлеуметтік саясат. Оның мақсаты – әрбір отбасының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту. Осы мақсатқа жету үшін мемлекет, бизнес және азаматтар арасында жаңа әлеуметтік келісімшарт жасау көзделіп отыр. Сәуір айында Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Әлеуметтік Кодексте осы жұмыстар құқықтық, заңнамалық тұрғыда реттелген.
Сонымен жаңа заңнамаға сәйкес, Қазақстанның әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қандай өзгерістер енгізіледі? Мемлекет әр азаматын қамқорлықсыз қалдырмау үшін нендей шараларды қолға алмақшы? Бүгінгі мақалада осы сауалдарға жауап іздейтін боламыз…

Кедейлік шегі медианды-орташа табыстың 50 пайызына тең болады

Жаңа Әлеуметтік Кодекстің ең үлкен жаңалығының бірі – атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа тәртібі мен ережесі. Ендігі жерде мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек кедейліктің салдарын жоюға ғана бағытталмай, ол алдымен әлеуметтік тәуекелдердің алдын алатын атаулы шара ретінде қарастырылады. Мұндай парадигманы жүзеге асыру үшін кедейлік шегін есептеудің жаңа тәсілі енгізілмек.
Республикада ең төменгі күнкөріс деңгейі 2023 жылы – 40 567 теңгені құрайды. Мамандардың айтуынша, ең төменгі күнкөріс деңгейі екі бөліктен тұрады: азық-түлік бөлігінің үлесі – 55 пайыз және 43 түрлі өнім бағасына тәуелді. Ал, азық-түліктік емес бөлігінің үлесі – 45 пайыз, оған халық кең тұтынатын тауарлар мен қызметтер кіреді. Бүгінде осы күнкөріс минимумының 70 пайызы кедейлік шегі ретінде белгіленген. Яғни, Қазақстанда кедейлік шегі 28 396 теңгені құрайды. Егер отбасының табысы жан басына шаққанда осы соммадан асып кетсе, ондай отбасы атаулы әлеуметтік көмекке үміткер бола алмайды.
Сарапшылар да, қарапайым азаматтар да кедейлік шегін есептеудің мұндай тәсілі дұрыс емес деп санайды. 2022 жыл қорытындысында Қазақстанда инфляция рекордтық 20,3 пайызға жеткенін және ресми деректердің өзі азық-түлік тауарларының бағасы кем дегенде 25,3 пайызға, өзге тауарлардың құны 19,4 пайызға, ал, ақылы қызметтер 14,1 пайызға өскенін ескерсек, көпшіліктің наразылығы орынды секілді. Әйтпесе, жан-басына шаққанда 35-40 мың теңге табысы бар отбасыны кедей емес деп айтуға кімнің аузы барады?!
Міне, қоғамда әбден пісіп-жетілген осы мәселені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де ескерген сыңайлы. Әлеуметтік Кодексте халықтың орташа-медианды табысы деген ұғым енгізіліп отыр. Егер ең төменгі күнкөріс деңгейіне физиологиялық қалпына келуін қамтамасыз ететін болса, медиандық табыс – жалпы халықтың нақты тұтынушылық шығындарын жабатын көрсеткіш. Яғни, ол ең төменгі күнкөріс деңгейінен әлдеқайда жоғары деген сөз.
Әлеуметтік Кодексте қамтылған нормаларға сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы кедейлік шегі қазіргідей ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына емес, халықтың медианды-орташа табысының 50 пайызына тең деп белгіленеді. Сарапшылар бұл механизм қазақстандықтардың көбірек бөлігінің мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, атаулы әлеуметтік көмек алуына жол ашады деп есептейді.