СУҒА ТҮСКЕНДЕ САҚТЫҚ КЕРЕК

283

Аптап басталғалы қала тұрғындары, балалар да шомылу үшін су айдындарына қарай ағылатыны белгілі. Жазда шомылып, салқындаған жақсы, бірақ қауіпсіздік ережелерін қаншалықты сақтап жүрміз? Балалар мен жасөспірімдерді шомылу ережелерін сақтауға шақырып, тыйым салынған аймақтарға тексеру жүргізу мақсатында Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті Еңбекші ауданы әкімдігімен бірлесіп, рейд ұйымдастырды. Рейд барысында жыл сайын су айдындарында азаматтардың қаза болуына әкелетін себептерге айрықша назар аударылды.

–Шымкент қаласы әкімінің Қаулысымен жаппай демалуға және шомылуға арналған 5 орын және тыйым салынған 13 орын нақтыланды. Бүгінгі таңда аудан әкімдіктері төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, – дейді Еңбекші ауданы әкімі аппараты халықпен жұмыс бөлімінің бас инспекторы Пернебек Айтжанов.
Демалыс аймақтарында, аквасаябақтарда, су айдындарында шомылу маусымы кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты назарда. Ол үшін алғашқы көмек туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, балаларға жағажайдағы қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратылды.
– Төтенше жағдайлар департаменті 35 қоғамдық құтқарушыны оқытып, тағы 44 маманды дайындықтан өткізуде. Әкімдіктермен бірге қауіпсіздік белгілерін орнату бойынша жұмыс жүргізілді, полиция қызметкерлерін тарта отырып, рейдтік іс-шаралар өтіп, шомылуға тыйым салынған қауіпті учаскелерде 95 ескерту белгісі орнатылды. Жергілікті полиция қызметімен бірге 45 патрульдік шарасы жүргізіліп, 980 азамат әкімшілік жауапқа тартылған. Полиция қызметкерлері шектеулерді бұзған, сондай-ақ, шомылу аумағында ішімдік ішетін азаматтарға әкімшілік хаттама толтырады,–деді Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің аға лейтенанты Әуесхан Досболұлы.
Айта кетейік, өткен шомылу маусымында қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметкерлері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 364-бабы «Жалпы су пайдалану ережелерін бұзу» және 440-бабы «алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде келу» бойынша азаматтарға 597 285 теңге көлемінде айыппұл салынып, 47 құқық бұзушылықты анықтаған.