БАЛАЛАРДЫҢ КҮЛКІСІ, КӨРКІ – СӘНІ ӘЛЕМНІҢ

250

Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала – елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Қай мемлекет болсын, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіні сөзсіз. Бүгінгі таңда елімізде балалардың алаңсыз білім алуына, бақытты балалық кезеңдерін өткізуге барлық жағдай жасалып келеді. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі аясында Шымкент қаласында ауқымды мерекелік іс-шаралар өтті. Талантты балаларға бұл күні қолдау көрсетіліп, олардың арасында байқау, фестивальдер ұйымдастырылды. Тәттілер мен ерекше сыйлықтар кішкентайларға ұмытылмас қуаныш сыйлады. Қайырымдылық акциялар аясында балғындар қажеттіліктеріне қол жеткізді.

 

ӨНЕР ҚУЫП, ОЙ ТҮЗЕ

Шымкентте «1 маусым – Халықаралық балалалар күні» мерекесі Достық үйінде қосымша білім беру ұйымдарындағы өнертапқыш оқушылардың көрмесімен басталды. Жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, балаларды айтулы мерекемен құттықтап, талантты да дарынды жастардың жетістіктері үшін алғыс білдірді.

 

Көрмеге 19 қосымша білім беру мекемесі қатысып, өз жетістіктерін паш етті. Мемлекеттің қолдауымен балаларға тегін қосымша білім беріп отырған ұйымдарда робототехникаға деген қызығушылықтың жоғары екендігі байқалады. Көрмеге қатысушы «Робопарк» робототехника және бағдарламалау орталығының жетекшісі Құрақбай Олжас өздері ойлап тапқан технологияны баланы смартфонға деген тәуелділіктен арылтады,-дейді.
–Қазіргі таңда балалар арасында смартфондағы ойындарға тәуелді болуы белең алып барады. Бұл баланың зейінін төмендетіп, білімге деген құштарлығын азайтатыны айтпаса да түсінікті. Осы тәуелділіктен арылтуда робототехника курсының көмегі зор. Ол баланың логикасы мен ұсақ моторикасын дамытып, математика, физика, информатика пәндерін ойын арқылы үйретеді. Біздің орталық 2017 жылдан бастап жұмыс істейді. Оқушыларымыз республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Жақында шәкірттеріміз Оспан Айдос пен Жақыпбек Мардан олимпиаданың қалалық іріктеу кезеңінен өтті, олар қазір республикалық жарысқа дайындалып жатыр, – дейді О. Саматұлы.

 

Көрме ары қарай балаларға арналған концерттік бағдарламаға ұласты. Қала мектептерінің үздіктері мен белсенді оқушылары өнер көрсеткен концерттік бағдарлама көрермендерді ерекше әсерге бөледі.
Айта кетейік, қосымша білім беру ұйымдарында барлық үйірмелер жан басына қаржыландыру бағдарламасы аясында тегін жүргізіледі.