«БІР ӘКЕНІҢ ТӘРБИЕСІН ЖҮЗ МЕКТЕП ТЕ БЕРЕ АЛМАЙДЫ»
Биыл елімізде алғаш рет әкелер күні аталып өтеді. Әкелер күні тұңғыш рет 1910 жылы маусымда Вашингтонда тойланыпты. Содан бері жыл сайын шет елдіктер бұл мейрамды атаусыз қалдырмайды екен. Еліміздің ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінің бастамасымен Қазақстандағы мерекелер тізімі жаңа «Әкелер күні» мерекесімен толықты. Аталған мереке отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттауға, отбасы мен білім институтын нығайтуға ықпал ете ала ма? Бұл күннің маңыздылығын тарқатып көрсек.
Ертеде бір патша «ас ішіп, аяқ босатудан басқа пайдасы жоқ, қолдарынан түк келмейді» деп қарияларды жаппай өлтіруді бұйырыпты. Бір жігіт асқар таудай әкесін өлімге қимай, ел көзінен таса жерде қамқорлығына алып, әкесін бағып-қағады. Күндердің күні ол елдің басына нәубет келіп, жастар бұл мәселеден шығу жолын таппай аңтарылыпты. Осы кезде әлгі тығылған қария баласына бұл тығырықтан шығу жолын айтып түсіндіреді. Жігіт ертеңіне патшаға келіп, әкесінің берген кеңесін айтады. Осы оқиғадан соң, патша әлгі қарияны алдырып, өзіне кеңесші етіп, үнемі онымен ақылдасып отыратын болған екен. Бұл — халықта қалған аңыз. Бүгінде аңыздағы іс қайталанбаса да, қоғамда әкенің, атаның орны ойсырап, беделі мен берері азайғаны байқалады.
Тарихта болған жайларды, бабалар ерлігін жырлап, шежірені тарқата айтатын дана қариялар қазақтың маңдайына біткен дархан даланың қасиетін сездіріп, оның ел билеген дала даналарының көреген саясатының арқасында ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалғанын бала жүрегіне жеткізе білген еді. Сондықтан дәстүрлі қазақ қоғамында тәрбие алған қазақ баласының әкеге деген құрметі ерекше болатын. Жүзінен мейірім төгіліп тұрмағанмен, қас-қабағынан бәрін түсініп өскен бала әке қаһарынан сескеніп жүретін. Әке тәрбиесі деген — осы. Әкенің сөзін оқ көрген баланың болашағы да жарқын, айқын болған.