Баулыған соң батыр болады…

244

«Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады, баулыған соң батыр болады» дегенді де айтқан қазақ. Баланы жастай отансүйгіштікке, бауырмалдыққа баулып, ерінбей тәрбие беру керек. Бірақ, қоғам өзгерді ме, заман өзгерді ме? Дәстүрлі тәрбие береді деген әке түгілі, аналардың азайып бара жатқандығы алаңдатады. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен, күйбең тіршілікте бала тәрбиесі көлеңкеде қалып қойып жатқаны жасырын емес. Қазіргі әке несие жабумен, ақша табумен ғана айналысатындай көрінеді. Тіпті, кейбірі үйден тысқары, шетте жұмыс істейді. Әкелердің отбасында орнының ойсырауы қоғамдық дертке айналды. Осылай деп дабыл қаққан қалалық ардегерлер кеңесі «Әкелер мектебін» құрып, жоспарлы жұмыстарын атқарып жүр.

– Қазақта әке ұрпағына үлгі бола отырып, ұл-қызын тәрбиелеген. Қазір көбі шетте жұмыста жүреді. Сол кезде үйдегі ана әке беделін асқақтатып отыруы керек. Қазақ әйелінің еріне құрметінің азаюы қазақ даласындағы әкелер мектебінің тамырына балта шапты. Бұл құбылыс осы күнге дейін жалғасып келеді. Осыдан кейін ынжық ұл, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен бозөкпе бозбалалар пайда болды. Тіпті, мектеп жиналысына тек аналар мен апалар ғана барады. Осыған байланысты қала мектептерін аралап, патриоттық тәрбие, ұлттық тәрбие берудің маңыздылығын насихаттап, қазақ қоғамындағы әкелер мектебінің тамырына нәр бергендей болып жүрміз. Әке тәрбиесін алған бала қажырлы, еңбекқор, ер мінезді болады. Қазір мұғалімдердің 90 пайызы – әйелдер. Бұл да алаңдатарлық мәселе. Кейінгі уақытта болмысы — болбыр, отыра қалып, өсек соға жөнелетін жігіттердің көбейіп бара жатқандығы — шындық. Ер мұғалімдердің тәрбиесі ұлдар үшін ғана емес, қыздар үшін де керек. Себебі, қыз балалар мектептегі ер азаматтарды үлгі тұтады. Дос, болашақ жар таңдағанда да қателеспеуі үшін мектептегі ер мұғалімге, үлгі тұтатын әкесіне, ағасына ұқсайтын азаматты іздейді. Ал ұл бала ер азаматтарға қарап бой түзейді. «Біздің бұл беталысымыз ұлтымыздың ертеңі үшін қауіпті» деп сан мәрте айтып та жүрміз. Сондықтан ер мұғалімдердің педагогикадағы рөлі зор екенін ескеріп, еррлерді ұстаздық жолға тарту мақсатында арнайы бағдарлама жүзеге асыру қажет, — дейді Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің және «Әкелер мектебінің» төрағасы Кенжехан Төлебаев.