ПОЛИЦЕЙ БОЛҒЫСЫ КЕЛЕТІН БЕКЗАТ

371

Әр адамның ойында шексіз өз арманы, қиялы болады. Сол арманы адамды дамытып, болашаққа жетелейді. Арыс қаласының Т. Тәжібаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушісі, Е. Молдабаев атындағы жалпы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Бекзат Жәнібековпен тілдескенімізде ол болашақ мамандығын полицей болуды көздейтінін айтты.

-Мен полиция қызметкерлерін өте құрметтеймін. Жігіттерге тән батырлықты талап етеді. Сондықтанда полицей маманы болғым келеді. Полицей болу үшін ең бірінші батыл болу керек. Себебі ол кісілер қоғамға өздерінің көп пайдаларын тигізіп, адам құқықтарын қорғайды. Полиция қызметкері түрлі ұйымдарда соның ішінде мектеп оқушылары арасында дәрістер оқып, әңгімелер жүргізеді, келіп түскен шағымдарды қарайды.

Әділдік үшін күресіп, қиын жағдайда қалған адамдарға барынша көмектесіп, халықтың ризалығына бөленеді. Түн демей, күн демей жұмысын адал атқарады. Сол үшін қарапайым халықтың ішінде құрметті мамандық иелері деп айтар едім. Маған мамандық сонысымен ұнайды. Егер мен полицей болсам, халқымның жағдайын ойлар едім. Қарапайым халықтың абыройын қорғап, құқықтарының қор болуына жол бермейтін едім. Сондықтан да мен халқымның жанашыры болғым келеді, қылмыстардың санын азайтқым келеді. Себебі, әр адам өз отанын сүю керек. Ал әрбір азамат еліне адал болып, адал қызмет ету керек.

Біздің қоғамымызда полиция саласы аса құрметті, аса маңызды рөлді атқаратын, батырлық пен сабырлықты талап ететін мамандық. Сонымен қатар полиция мамандығын құрметтеуге тиіспіз. Менің полицей боламын деген арманым бала күннен оянған. Себебі ес білгелі мерекелерде полиция қызметкерлері біздің балалар үйінің тәрбиеленушілерін назардан тыс қалдырған емес. Жыл сайын әр мерекеде сыйлықтар үлестіріп, қамқорлықтарын көрседі. Сондай-ақ алаларға арналған көптеген ойын-сауық, спорттық іс-шараларды ұйымдастырады. Тәртіп сақшыларының жасаған әрбір әрекеттері санамда жатталып, болашақтағы мамандық таңдауыма көп септігі тиюде-деді бала Бекзат.

Ендеше, мақсаты айқын, болашағы жарқын Бекзатқа арманын орындалсын деп сәттілік тілейміз.

Иә, шынында да бүгінгі күннің сақшылары бұрынғы кезде қарағанда өзгеше. Олай дейтініміз Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әр кезде полицияның жұртқа жақын болуы, ашықтық пен қызмет сапалылығын айтып, тиянақты тапсырмаларды тапсырып келеді. Сондықтан бүгінгі күні полиция халыққа етене жақын болу, жанашырлық пен қамқоршылық, тіпті кейде құтқарушы болып, елге сапалы қызмет көрсету үшін жұмыла қызмет етуде. Оның дәлелі Түркістан облысының сақшылары М. Қабденов тапсырмасымен әр мереке сайын балаларға көңіл бөліп, сияпаттарын табыстап тұрады. Соның бірі осы Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап жасалатын іс-шараларды айтуға болады.

Мәселен тәртіп сақшылары «1 маусым балаларды қорғау күні» қарсаңында, балаларға тәттілер мен ойыншықтар сыйлап қайтты. Ал бүгінде осы мекемеде тәрбиеленіп шыққан Мәди Крокус, Арыс аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы лауазымында абыройлы қызмет етуде.