ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА «ЕСІРТКІСІЗ БОЛАШАҚ» АЙЛЫҒЫ АЯСЫНДА, ЖАСТАРДЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН СПОРТТЫҚ САЙЫС ӨТТІ

237

Түркістан облысы ПД-нің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Түлкібас ауданының полицейлері Т.Рысқұлов ауылы орталығында орналасқан «Жастар» стадионында ауқымды акция өткізді. Аталмыш шара 26 маусым Халықаралық есірткіге қарсы күніне орай «Біз Нашақорлыққа қарсымыз» деген тақырыпта ұйымдастырылды.

Акция аясында жиналған жастар арасында асық ату, арқан тартыс, жүгіру, қазақша күрес секілді спорт түрлерінен жарыс өтті. Нақтырақ айтсақ, Т.Рысқұлов, Түлкібас, Сарытор, Ақбиік, Азаттық ауылының жастары белсенділік танытып, шеберліктерін, спортқа бейімділіктерін көрсетті. Сонымен қатар «Өнер мектебінің» ұжымы концерттік бағдарлама жасап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жиынға қонақ ретінде аудан прокуроры Н.Асқанбеков, ҚР көкпардан 9 дүркін чемпионы А.Дауылбаев және де ауданның аталған спорт түрлерінің дамуына үлес қосып жүрген ардагер жаттықтырушылар шақырылды.

Жалпы мұндағы мақсат- өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттырып, нашақорлық дертінен аулақ болуды түсіндіру. Салауатты өмір салтын ұстануға дағдыландыру.

Іс-шара Түлкібас ауданының әкімі Н.Ізтілеуовтың спорттық жарыстардан топ жарған жастарды марапаттауымен қорытындыланды.