ІШКІ ІСТЕР САЛАСЫНДАҒЫ МЕДИЦИНА ҮЗДІГІ ЛӘЗЗАТ НЫСАНҚЫЗЫ

226

Ішкі істер саласында қызметке орналасатын әрбір маманның жалпы әскери қызметке жарамдылығын анықтауға арналған медициналық сараптама органы қызмет атқарады. Бұл қызметтің Ішкі істер саласында алар орны ерекше. Себебі мұндағы білікті медицина қызметкерлері болашақ сақшыларды дені сау яғни ел мен жердің тыныштығын сақтауға алдыңғы шепте жүре алады деген жас мамандардың денсаулығын тексереді. Сонымен қатар сақшылардың денсаулықтарын қадағалап, тиісті ем – дом жүргізеді. Қазіргі таңда осы сала бойынша елеулі еңбек етіп жүрген мамандардың бірі, Түркістан облысы Полиция департаменті Округтік әскери дәрігерлік комиссиясының төрағасы — Ләззат Нысанқызы.

Ләззат Нысанқызы Қалматаева Түркістан облысы Кентау қаласында дүниеге келген. Медицина саласына деген ерекше қызығушылығын шыңдай түскен ару 2002 жылы Қ.А.Ясауи университеті медицина факультетін «емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы қызмет жолын сол жылы Созақ аудандық емхананасының меңгерушісі лауазымынан бастаған. 2012 жылдан бастап Полиция департаменті Емханасы бар госпитальдің терапевт — дәрігері және бертін келе госпиталь басшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарған.

Мамандығына деген адалдығының арқасында Ләззат Қалматаева 2018 жылдан бастап Түркістан облысы Полиция департаменті Округтік әскери дәрігерлік коммиссиясының төрағасы лауазымында қызмет атқарып келеді. Әріптестері Ләззат Нысанқызын өте еңбекқор, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, өзіне берілген тапсырмаларды аса ұқыптылықпен орындайтын, өзіне талап қоя білетін әрі өзін әділетті жағынан көрсете білген тұлға ретінде құрметтейді. Бұған дәлел 2020 жылы Пандемиялық күресте және денсаулық сақтау саласындағы еңбегі үшін алған «Халық алғысы» төсбелгісі. Бұл медицина қызметкерлеріне пандемия кезіндегі қажырлы еңбегі үшін көрсетілген құрмет. Айта кету керек елімізде коронавирус өршіп, науқастар күрт көбейген тұста вируспен күрестің алғы шебінде жүріп, қарапайым халықтың денсаулығы үшін күрескен тек медицина қызметкерлері ғана. Әлемді жайлаған жұқпалы індет денсаулықтың қадірін, бірлік пен ынтымақтың, қайырымдылықтың парқын таразылап берді.

-«Бұл сала үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мен үшін өзіме жүктелген міндетті абыроймен атқарудан асқан бақыт жоқ. Сондықтан әлі күнге дейін медицина саласындағы білімімді шыңдап, кітаптар оқығанды жақсы көремін. Бос уақытымды балаларыма арнап, олардың білімдеріне, қызығушылықтарына мән беремін. Спорт денсаулық кепілі екенінде естен шығарған емеспін. Яғни демалыс күндері түрлі жаттығулар жасап, спортпен айналысқанды әдетке айналдырғанмын. Осы ретте Ішкі істер саласына жұмысқа орналасқысы келетін әрбір жас полицейге айтарым, адамның басты байлығы денсаулық екенін естен шығармай, салауатты өмір салтын ұстаныңыздар!» — деп қорытындылады Ләззат Қалматаева.

Алдағы уақытта Ішкі істер саласы мен медицина саласына қосар үлесіңіз толастамасын деген ізгі ниетімізді жолдай отырып, отбасыңызға амандық, еңбек жолыңызға табыс тілейміз.