ТҮЛКІБАСТЫҚ ПОЛИЦЕЙЛЕР МАЛ ҰРЛЫҒЫНЫҢ ЖОЛЫН КЕСТІ
Түлкібастық полицейлер аудан аймақтарында мал ұрлығын тоқтату мақсатында жиі рейд жүргізіп келеді. Полицейлер осындай кезекті жұмыс барысында, Сарытөр ауылына бара жатқан жолда жүрісі күдік тудырған жылқы мінген ер адамды тоқтатады. Әңгімелесу кезінде күдікті сұрақтардан жалтарып, малдың өзіне тиесілі екенін айтып, мүмкіндігінше кетуге асыққан.
Осы сәтте полицияға жергілікті тұрғыннан мал ұрлығы жөнінде арыз түседі. Әйел адамның айтуынша, түнгі уақытта қорасынан байлаулы тұрған 11 жасар жылқысын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Полицейлер алған ақпараттан кейін жылқының сипаттарын салыстыра келе, мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен өздері тоқтатқан ер адамды құрықтайды. Тексеру барысында, ол ауданның жұмыссыз, бұрын сотты болған тұрғыны болып шықты.
Тәртіп сақшылар аталған фактіні ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алып, қылмыстық іс қозғалды. Алайда қырағы полицейлердің арқасында қылмыс үстінде ұсталды. Қолды болған жылқыны өз иесіне қайтарып беріп, оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.