ПОЛИЦЕЙЛЕР ОБЛЫС МЕКТЕПТЕРІН КҮЗЕТ ҰЙЫМДАРЫМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ ҚАТЫСТЫ ЖИЫН ӨТКІЗДІ
Түркістан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Бағланбек Айтпаевтың төрағалығымен, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында маңызды жиын өтті. Жедел-кеңеске Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы Бекжан Ерқұл, террористік тұрғыдан осал объектілерді күзетуге жататын күзет ұйымдары, филиалдары мен өкілеттіктерінің директорлары және басқа да тиісті сала мамандары қатысты.
Күн тәртібінде облыс аумағында орналасқан мектептерді күзет қызметінің барлық түрлері бар жеке күзет ұйымдарына күзетке беру мәселесі қаралды. Яғни мектеп оқушыларының тыныштығын сақтап, алаңсыз білім алуына жағдай жасау — бүгінгі күннің басты міндеті.
Кездесуде полиция капитаны У.Назарбаев баяндама жасады: «Сіздермен бірлесе отырып, облысымыздағы жалпы білім беретін мектептердегі оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, яғни мектептерді жеке күзет ұйымдарына күзетуге беруге жұмыс жасауымыз қажет.
Қазіргі таңда облысымызда жалпы күзет қызметімен айналысатын 50 жеке күзет ұйымы болса, олардың ішінде бар-жоғы террористік тұрғыдан осал объектілерді күзетуге мемлекеттік лицензияның 1-ші кіші түрін алған 10 ғана жеке күзет ұйымы бар. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет»-деп атап өтті.
Өз кезегінде оқу орындары мен мектеп қабырғаларында жайлылықты, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өткен жиынға қатысушылар, өз ойларын ортаға салып, талқылады. Оған қоса қатысушылар полицейлер тарапынан айтылған ұсыныстар мен бастаманы қолдап, одан әрі іске асыруға келісті.
Айта кетсек, Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына облыстың 650-ден астам мектебі қосылған. Сондай-ақ 334 мектепке «дабыл түймесі» орнатылған. Барлығы бейнебақылау камералары арқылы бақылауға алынған. Оған қоса күзет ұйымдарымен қауіпсіздік қорғалса, жұмыс одан әрі жандана бермек.