ҚЫЛМЫС АЗАЙЫП КЕЛЕДІ

198

Мақтаарал ауданы полицейлерінің тынымсыз еңбегінің арқасында үстіміздегі жылдың бес айында аймақтағы қылмыстардың жалпы саны 33,8 пайызға төмендеді. Ауыр және аса ауыр қылмыстар 45-тен 32-ге азайды. Ал, адам өлтіру, қарақшылық, тонау, зорлау, қорқытып алу сияқты қылмыс түрлері тіпті де тіркелген жоқ.
Бұзақылық қылмыстың тіркелуі 11-ден 4-ке төмендеді. Ұрлық қылмысы 37-ден 26-ға азайды. Мал ұрлығының алдын алу және оны болдырмау мақсатында профилактикалық іс-шаралар тұрақты жүргізіліп келеді. Өткен бес айда мал тасымалдаушы 357 автокөлік пен 694 мал тексерілді. Қараусыз жүрген ірі қара малдар анықталып, арнайы орынға қамалды. Сондай-ақ, бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарына талдау жасалып, оның ашылуын жақсартуға күш салынуда.
Алаяқтық қылмыстың тіркелуі 29-дан 26-ға төмендеді. Оның ішінде ауыр емес алаяқтық қылмыстың ашылу көрсеткіші біршама жақсарды. Қоғамдық орындарда, көшеде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында кенттер мен ауылдық округтерде рейдтік шаралар өткізілуде. Аудан көлемінде жол-көлік оқиғалары бойынша күнделікті сараптама жүргізіліп, «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шаралары тиянақты қолға алынуда. Осы жылдың 5 айында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша 3589 әкімшілік хаттама толтырылды. Жүргізушілер арасында көлікті мас күйінде басқару,  қарама-қарсы жолға шығып кету, жаяу жүргіншіні өткізбеу, көлікте ұялы телефонмен сөйлесіп отыру, қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты келеңсіздіктер жиі орын алуда. Аталған кезеңде «Мигрант» іс-шарасы жүргізіліп, ТМД елдерінен заңсыз келген 129 шетел азаматы анықталып, оларға тәртіптік шара көрілді.
– Біздің мақсатымыз – қылмыстың орын алуына әсер ететін жәйттерді анықтап, оның себептеріне назар аударып, салдарын жоюға күш салу. Мысалы, қылмыстардың басым көпшілігі мас күйде жасалатыны белгілі. Алкогольдің бақылаусыз сатылуы және маскүнемдерді емдейтін орындардың тапшылығы да ішімдікке әуестердің азаймауына себеп болып тұр деп ойлаймыз. Сондай-ақ, ұрлықтың орын алуына басты себеп – меншік иелерінің өз малына не затына ықтият болмауы дер едік. Біздің аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қылмыстың алдын алуға,  қылмыстың дер кезінде ашылуына, қоғамдық тәртіптің сақталуына бүкіл күш-жігерлерін жұмсауда.  Ел тыныштығы күзетінде әрдайым қырағы болып, жауапты міндетті абыроймен атқара береміз, – дейді Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Есімжан Надиров.