ШЫМКЕНТ – РЕСПУБЛИКАДА ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ САЛАСЫНДА КӨШ БАСЫНДА

154

Шымкент қаласының индустриалдық аймақтары өнеркәсіп саласының дамуына серпін беруде. Қазіргі таңда бес өндірістік аймақ 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орны мен 337 кәсіпорын ашылған. Қолданыстағы өндірістік аймақтардың толымдығы 90 пайызды құрап, қажеттілікке қарай тағы 5 индустриалды аймақ ашу жұмыстары қарқынды. Нәтижесінде 400 млрд теңгеге 284 кәсіпорын өз жұмысын бастап, 12 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылмақ.

Қазір шаһарда жалпы, ірілі-ұсақ 1 541 кәсіпорын бар. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялауды дамыту басқармасы мәлімдеді. Оның 1479-ы шағын, 44-і орта және 18 ірі кәсіпорын. Еңбекші мен Әл-Фараби ауданы өндірушілердің саны бойынша көш бастап тұр.

Қалада негізінен өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамыған. Бұл саланың негізін тамақ, мұнай, минералдық өнімдер өндіру, машина жасау, фармацевтикалық өнімдер мен препараттар өндіру және металлургиялық өнеркәсібі құрайды. Өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің үлесі 2018 жылғы 424 млрд. теңгеден 2022 жылы 821 млрд. теңгеге дейін немесе 1,9 есеге өскен. Нәтижесінде биыл Шымкент республикада бірқатар өңдеу өнеркәсібінің өнімдерін өндіру бойынша көш бастады. Айталық, елімізде өндіріліп жатқан мақта майының 98,8 %, мақта маталарының 93,2 %, дәрі-дәрмектер – 40,5 %, мұнай өнімдерінің – 36,7%, шыны ыдыстардың – 36,7%, өңделген шай мен кофеның – 33,9%, цемент клинкерлер – 31,1%, портландцемент – 24% және тазартылған күнбағыс майы – 23 %-ы Шымкентте өндіріледі.

Саланы дамыту мақсатында қолданыстағы индустриалды аймақтарды кеңейту және жаңа аландар құру жұмысы қолға алынған. Атап айтсақ, аумағы 306 гектарды құрайтын «Жұлдыз» индустриялық аймағына инфрақұрылым тартылып жатыр. Алғышқы кезеңі биыл аяқталса, келесі кезеңдер 2024 жылға өтпелі. Бұл аймақта 200 млрд теңгеге 50 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын 175 гектарға кеңейту жұмыстары да басталып кетті. Арнайы аймақ кеңейтілгеннен кейін 150 млрд. теңгеге 30 ірі өндіріс орны ашылмақ. Сонымен қатар, «Бозарық» агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. Аталған аймақта 23 млрд. теңге сомасына 21 өндіріс орны іске қосылады.