ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ 160 НЫСАН САЛЫНАДЫ

221

Шымкентте биыл 160 нысан салу жоспарлануда.  Құрылыс жобасына 98 тұрғын үй, 18 инженерлік инфрақұрылым нысандары, мәдениет және 7 білім беру нысандары, 3 төтенше жағдай кешені, 4 спорт кешені, 2 саябақ енгізілді.

Биыл жартыжылдықта 41,5 мың шаршы метр болатын 10 көпқабатты тұрғын үй,  3 білім, 2 спорт нысандарының құрылысы аяқталып, 70 нысанның жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленген.

Соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы саласында мегаполисте ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2020 жылы тұрғын үй құрылысын жүргізу бұдан екі есеге дейін төмен болатын. Биылғы жылы 1 млн 73 мың шаршы метр үйді тапсыру жоспарлануда.

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында мемлекеттік бюджеттен 312,4 мың шаршы метрді құрайтын 4 090 пәтерлі 98 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Осы ретте биыл 67 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап жыл соңына дейін ел игілігіне тапсыру көзделуде. Тұран шағынауданында 18 үйдің, Бозарық шағынауданында 54 үйдің, Ақжайық шағынауданында 26 үйдің құрылысы жүргізілуде.

Сондай-ақ жыл соңына дейін жұмыс істейтін жастарға 900 пәтер және халықтың әлеумкеттік осал топтарына 505 пәтер нарықтан сатып алынатын болады.

Шымкент – Қазақстанның көне қалаларының бірі. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, қала б.з.д. II ғасырда салынған. Шымкент қаласы Ұлы Жібек Жолы керуен көшінің жолында орналасқан. Көптеген жылдардан бері көне қалада ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп, шетелден келетін туристердің санында шек болмайды.

Халық санының көлемі жағынан Шымкент қаласы бүкіл республика бойынша үшінші орында. Алайда, бейресми мәліметтер бойынша, Шымкент қаласында халық саны әлдеқайда көп. Себебі, қалада алыс-жақын шетелден келген, тіркеуден өтпеген мигранттар тұрады.

Шымкент қаласы – қазақ елінің сауда, мәдениет, өнеркәсіп орталықтарының бірі. Қалада қазақ, славян, өзбек, татар, неміс, еврей, корей, поляк, башқұрт, әзірбайжан т.с.с. 19 ұлттың мәдениет орталықтары жұмыс істейді.

Қаланың көрікті мекендерінің бірі — орталық саябақтар. Үш саябақ 19-ғасырда салынған. Бір саябақ Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония аясында орналасқан. Сондай-ақ, Абай атындағы демалыс және мәдениет саябағы, «Кең-баба» этнография саябағы, Дендро саябақ, зообақ, ипподром, «MegaCenter» ойын-сауық және сауда кешені, «Nimex Land», «Бамзик» ойын-сауық орталықтары қала тұрғындары мен қонақтарының жайлы демалысы үшін үздіксіз қызмет көрсетеді.