ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БІР КҮН ІШІНДЕ 4 БАЛА СУҒА КЕТІП, ҚАЙТЫС БОЛДЫ

198

Түркістан облысында бір күн ішінде 4 бала суға кетіп, қайтыс болды. Бұл туралы Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиғалар 9 шілде күні болған. Келес ауданы, Абай ауылының 6 жасар тұрғыны сағат 12:00 шамасында үйінен шығып кетіп қайта оралмаған. Қасындағы жолдасы туыстарына Келес өзенінің жанына бірге барғанын айтқан. Содан ТЖД мамандары мен полиция қызметкерлері және жергілікті тұрғындар ені 10, тереңдігі 2 метр болатын Келес өзенінде іздеу жұмыстарын жүргізді. Ал, сағат 16:30 шамасында ТЖД қызметкерлері жеткіншектің мәйітін судан шығарды.

Екінші оқиға Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылында болды. Үлкендердің қарауынсыз қалыған 2 жастағы бүлдіршін үй ауласындағы ені 0,5 метр, ұзындығы 1,5 метр, тереңдігі 0,6 метр болатын ваннаға құлап, батып кеткен.

Үшінші жағдай Төлеби ауданы, Біркөлік ауылы, «Алатау» демалыс аймағының ауласында болды. Ені 3 метр, ұзындығы 5 метр, тереңдігі 1,5 метр болатын бассейнге 2 жастағы бала құлап кеткен. Кейіннен бүлдіршіннің мәйітін туыстары судан шығарып алған.

Төртінші жағдай Жетісай ауданында тіркелді. Ені 3 метр, тереңдігі 1,2 метр болатын К-25-9 суармалы каналына 8 жастағы бала құлап, батып кеткен. Жергілікті тұрғындардың күшімен 10 шілде күні түнгі сағат 00:41 шамасында мәйіт судан шығарып алынған.

«Барша баланың қайтыс болу себебі анықталуда. Сот медициналық сараптамасы тағайындалды. Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті балаларды қараусыз қалдырмауды, рұқсат етілмеген жерде суға түспеуді ескертеді» — делінген Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.