МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ БАСТЫ МІНДЕТІ – ӘДЕП САҚТАУ

302

Әдеп кодексі халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Мемлекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен әдебіне айрықша көңіл бөлінуінің астарында оның іскерлігі ғана емес, сонымен қатар, айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады.

Мемлекеттік қызметші халықтың, елдің алдындағы тұлға болғандықтан, оның әрбір айтқан сөзі мен іс-қимылын халық бақылап отырады. Сондықтан ел алдындағы азаматтардың қашанда үлгілі істерге жақын болғаны абзал.

Мемлекеттік қызметші әркез әдеп кодексінің талаптарын естен шығармағаны жөн. Мейлі, ол жұмыста, демалыс күндерінде болсын, қонақта болсын, далада табиғат аясында демалғанда болсын, тіпті жай үйінде қонақ күтіп отырған күннің өзінде де. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуде. Кәсібилік пен әдептілік қосылып, мемлекеттік қызметшінің тұтас имиджін көрсетеді. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығына және әділдігіне қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуға мүмкіндік береді.

«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дейді Алаш арысы Әлихан Бөкейхан. Қандай болғанда да, мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын сақтауға қалыптасуы, Әдеп кодексін оқып, өзін-өзі үйретуі, өзгеден үйренуі және өзгені үйретуі керек.

Себебі, жоғарыда атап өткеніміздей, бұқара халық олардан үлгі алады, соларға қарап бой түзейді, сөз түзейді. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілер бұл тұрғыда үлкен жауапкершілік танытып, әрдайым өзіне-өзі есеп беріп отыруы қажет. Әр мемлекеттік қызметші аталған Әдеп кодексте айтылғандарды басшылыққа алғаны жөн.

Мәселен, кодексте мемлекеттік қызметшінің жалпы мінез-құлығына қойылатын талаптары халықтың бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуы, адал, әділ, қарапайым болуы, үнемі біліктілігін арттыруы, шектеуліктерді қатаң сақтауы, қоғам тарапынан сынға ілікпеуі, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауы, іскерлік әдепті сақтауы, мемлекеттің мүлкін, автокөлік құралдарын қоса алғанда тек қызметтік мақсатта пайдалануы тиіс деп нақты белгіленген.

Бұдан басқа қызметтік қарым-қатынастардағы мінез-құлық стандарттарында әріптестердің бір-бірімен қарым-қатынас жасауына, басшылардың қарамағындағы қызметшілермен және төмен тұрған лауазымдағы қызметшілердің басшылармен өзара қарым-қатынасына қойылатын талаптар айқындалған. Яғни, олардың өзара қарым-қатынас жасауы іскерлік негізде жүзеге асырылып, ұжымда әріптестер бір-бірінің ар-намысы мен абыройына зиян келтіретін ақпарат таратпаулары тиіс делінсе, басшы қол астындағы қызметшілер үшін барлық адамгершілік қасиеттердің үлгісіне айналуы, оларға қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, қадір-қасиеттерін қорлауға жол бермеуі және қызметтен тыс мәселелерін шешу кезінде өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауы тиіс делінген.

Сондықтан, мемлекеттік қызметте үлкен жетістіктерді бағындыруды көздеген әрбір мемлекеттік қызметші Әдеп кодексін және «Қазақстан Рес-публикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарының талаптарын мұқият сақтап, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосуымыз қажет.