ШЫМКЕНТ-ҚЫТАЙ: ӨЗАРА БАЙЛАНЫС НЫҒАЙЫП КЕЛЕДІ

596

Шымкент пен Қытай арасындағы жан-жақты ынтымақтастық нығайып, екі ел арасында алтын көпір салынуда. Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында шымкенттік делегаттар іскерлік кездесулер өткізді. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов бастаған делегация құрамында кәсіпкерлік, білім, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, табиғатты қорғау саласының басшылары мен аудан әкімдері, қалалық маслихат депутаттары және бизнес өкілдері бар. Делегат мүшелерінің іссапары Сиань қаласының экономиалық даму аймағындағы павилондармен танысудан басталды.

–Іс-сапардың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапары аясында Шымкент пен Сиань қалалары арасында қол қойылған «өзара серіктестік орнату» туралы меморандумға сәйкес, тараптар арасында жан-жақты байланыс орнатып, өзара тәжірбие алмасу, – деді қала әкімінің орынбасары Мақсұт Пернебайұлы.
Мақсұт Исахов Сиань қалалық партия комитетінің хатшысы Фан Хонвэеммен ресми кездесті. Бұдан бөлек, қалалық мәслихат пен халық құрылтайы өкілдері, жоғары оқу орындары, мәдени, туризм нысандары, бизнес өкілдері арасында екіжақты В2В кездесулер ұйымдастырылып, өзара ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылып, озық технологиямен жабдықталған арнайы кәсіпорындарды аралады.
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті басшылығы халықаралық байланыстырды нығайту мақсатында Сиань халықаралық зерттеулер университетінің өкілдерімен кездесіп, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ал ОҚМПУ Қытайдағы іргелі жоғары оқу орындары – Сиань шетел тілдері университетімен және Сиань Цзяо Тун университетімен өзара ынтымақтастық келісімдерінің қабылдануына қол жеткізді.
Атап өтсек, 2022 жылы Шымкент пен Қытай арасындағы екіжақты тауар айналымы 236,6 млн.АҚШ долларына жеткен. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан миллионды қала арқылы Еуропа мен Азия арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансұлттық көлік дәлізі өтеді. Мегаполистің Орталық Азияда инвестициялар, технологиялар мен зияткерлік ресурстарды тартудың жаңа орталығы болуда әлеуеті зор.