БАЛА САУЛЫҒЫНА САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН МЕКЕМЕ

363

Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасы – балаларға мамандандырылған көмектің барлық түрін көрсететін заманауи көпсалалы мекеме. Онда қабылдау бөлімі, жарақат бекеті,
хирургиялық және соматикалық бейіндер бойынша медициналық көмек түрлерін көрсетеді.

Жыл басынан бері мекемеде 33 154 науқас балаға медициналық көмек көрсетілген. 5392 науқас стационарлық ем қабылдап, сауығып шыққан. Жалпы ауруханада білікті дәрігерлер 1477 ота жасап, оның ішінде 426-ы жоспарлы түрде, 1051-і шұғыл түрде, 34 ота жаңа туған нәрестелерге жасалған.
Биыл қалалық жұқпалы аурухана орталығы балалар ауруханасының балансына өтті. Сондықтан, ұйымда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруда жаңадан 2 корпус ашылды. Нәтижесінде төсек-орын саны (495) ұлғайтылды. Жаңа ғимаратта пульмонолгия ерте жастағы балалар бөлімшесі, пульмонология ересек балалар бөлімшесі, педиатрия, неврология, реанимация бөлімшелері орналасқан, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, КТ, рентген, УДЗ, ФГДС аппараттары жұмыс жасайды. Пациенттерге сапалы ем алуға барлық жағдай қарастырылған. Сонымен қатар, жаңа орталықта жоспарлы және шұғыл түрде медициналық көмек көрсетіледі.
Тағы бір айта кетерлігі, балаларға мамандандырылған көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуда мекемеде материалдық-техникалық база жаңарды. Қазір керек-жарақтармен қамтамасыз ету көрсеткіші 94%-ды құрайды. Лор-комбайн, МРТ, нейрохирургиялық микроскоп, ангиограф, цифрлық рентген-аппарат, «Клинитрон» төсегі, ӨЖЖ аппараттары, IT-техникалардың көмегімен церебральды сал ауруы, орталық жүйке жүйесінің туа біткен ақаулары, ісіктер, гематомалар, ми тамырларының тромбозы сияқты күрделі операциялар мен манипуляциялар жүргізілуде.
Өткен жылы ашылған ерекше балаларға арналған мамандандырылған стоматологиялық кабинетте дәрігерлер церебральды сал ауруына шалдыққан және басқада мүмкіндігі шектеулі балалардың ауыз қуысы мен тісін арнайы әдіспен емдейді.
Қалалық балалар клиникалық ауруханасы – Шымкентте сапалы, жедел, қолжетімді медициналық көмек көрсетуде алдыңғы қатардағы мекемелердің бірі. Биыл аурухана тағы бір бөлімшемен толықпақ. Қазіргі таңда офтальмология бөлімшесін ашуға дайындық жұмыстары басталып, мамандар даярлануда.