ЖУРНАЛИСТИКАНЫ ЖОЛДАН ЖАҢЫЛТАТЫН-ЖОЛБИКЕЛЕР!

816

Белгілі журналист Ерсұлтан Əмірбек өзара əңгіме арасында «Блогерлерді журналист деп есептемеймін» деген бір ауыз пікірімді жалпақ жұртқа жариялап жіберіпті.Бұған бір жағы қуандым.»Ашығын айтсам—барға сын,асырып айтсам—арға сын» деп өзім де оқталып жүрген ойыма бұл жазба еркіндік əпергендей болды.
Өздерін журналист санап ,барған жерінде журналистпін деп танысатын блогерсымақ «көлденең көк аттылардың» əпербақандығы мен алаяқтығынан зəрезап болғандардың да жан дауысы шыға бастаған жоқ па,желідегі жолдастар?Бұған жуырда ғана əлеуметтік желі арқылы жер жүзін шарлап кеткен Жетісайдағы былықшыл блогерсымақтар мен жалған журналистсымақтардың жергілікті жұртты қорқытып,үркітіп,бопсалау жолымен сүліктей сорып отырғаны,ақырында жегендері желкелерінен шығып,жаппай ұсталғаны нақты дəлел емей не?Болмаса,күні кеше Бəйдібек ауданында білім бөлімінде айқай-шу шығарып,журналист деген мақтаулы мамандықтың абыройын айрандай қылған қос қарындастың қылығын қалай ғана құптай қоярмыз?..
Қысқасы,несін жасырамыз, журналистиканың жайнаған жасыл бақшасын арам шөп басып барады.Бəле қуған блогерсымақтар мен жалаға жақын журналистсымақтар осы берекелі бақшаның мəуе-шəуесін хан талапай қылды, достар.
«Тық десе,тауыққа тиеді» деген.Сіздерді қайдам,өз басым соңғы кезде мені журналист деп таныстырып жатса,біртүрлі ыңғайсыз сезінетін болдым.Бұл не сонда?Қастерлі мамандықтың қадірі кете бастағаны ма?Қадірін кетіріп,қасиетіне күйе жағып жүргендер кімдер?..
Бізді «Əдебиет—ардың ісі» деп оқытты.Ал,баспасөз əдебиеттің жақын ағайыны.Олай болса,журналистика ожданның ісі.Демек,ар мен ождан осы мамандықты шын жүрекпен қалаған əр қалам ұстаған əріптестің болмыс-бітімінде болуға тиіс қой.Өкініштісі сол, бүгінде БАҚ -тардың көрінгеннің қолжаулығына айналып бара жатқаны жаныңды сыздатады.Басылымдардың басы-қасында кəсіпқой журналистер емес,бұл салаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын,бұқаралық ақпарат құралын бұқараның емес,қара басының қамына пайдаланып қалуға бейім «тұлғалар» жүр.Оларды журналистикаға жол-жөнекей қосылған жолбикелер десе де болғандай.
Күні ертең жемқорлық журналистиканы жаппай жайлап алса,таң қалмаңыз.
Өткенді аңсау деп ұқпаңыз, бұрындары «тілші келе жатыр» дегенді естіген ауыл тұрғындары оны жақсы жаңалық,оңды өзгеріс əкеле жатқан жанашыр жандай көруші еді ғой.Басшы-қосшысымен қоғадай жапырылып,құрметтейтін.Ол ауыл адамдарының абыройын асқақтата мақала жариялайтын.Журналист ағайындардың ел алдындағы беделі де сонысымен өлшенетін.Қазір ше?Əңгіменің ашығы,қазір аудан,ауылдарға бара қалсаңыз естисіз,тілші яки блогер келе жатыр десе,əзірейіл немесе рекэт келе жатқандай көріп,ат-тонын ала қашады.Немесе бəлеқордан құтылудың оңай жолы осы ғой деп,құда күткендей» шапан-шаттығын» кигізіп,жолға шығарып салады.Осы ма журналистиканың жеткен жері?
Журналистика—өте қастерлі əрі мақтан тұтатын мамандық.Ал,журналист—өмірге,қоғамға,адамға шынайы көзқараспен қарайтын,ары мен жаны таза, зиялы қауымның алдыңғы қатарындағы шығармашыл адам.Өкінішке қарай,бұл мамандықтың абыройы алақаннан ақырындап сусып бара жатқандай ма ,қалай, қаламдастар?Журналист «терісін» жамылған «қорқаулар»
атымызды əбден былғап бітті ғой.Осылайша ойран салып, оңды-солды, емін-еркін жортып жүре бермек пе?
Үн қосыңыздар,əріптестер!

Ертай Бекқұл, журналист